Жол сапасын жақсарту мақсатында облыстық маңызы бар автожолдарды жөндеуде жаңаша шешім қабылданды. Бұған дейін асфальт тек бір қабат қана төселсе, енді орташа жөндеуден өтетін жол учаскелеріне екі қабат төселеді. Бұл өзгеріс жол төсемінің беріктігін арттырып, көлік қозғалысының жүктемесін көтеру қабілетін жақсартады.
Биыл облыс бойынша 673 шақырым автожолды жөндеу көзделіп отыр. Оның ішінде, 242 шақырымы – республикалық, 84 шақырымы – облыстық маңызы бар жолдар болса, 347 шақырымы – қалалық және кентішілік жолдар.
Орташа жөндеу жұмыстары «Керней-Семізбұғы», «Қарағанды-Тоғызқұдық», «Ақой-С.Сейфуллин-Ақсу-Аюлы», «Осакаров-Молодежный», «Нұра-Шахтерское», «Қарағанды-Шахтинск» бағыттарында жүргізіледі.
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте биылғы жол жөндеу маусымының негізгі жобалары талқыланды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мұқашев жыл соңына дейін аяқталуға тиіс ірі жобаларға тоқталды. Олардың қатарында «Нұра- Осакаров», «Жартас-Долинка», «Үштөбе-Құрылыс» автожолдарының қайта құрылуы бар. Сондай-ақ, екі ірі көпірді жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Біреуі «Теміртау-Токаревка» бағытындағы Нұра өзені арқылы өтетін көпір болса, екіншісі – «Саран-Шахтинск» бағытындағы Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпір.
Биыл «Осакаров-Литвиновское-Тельманское-Молодежный» бағыты бойынша Есіл өзені үстіндегі көпірді жөндеу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, «Шахан-Жаңаталап» және «Дубовка-Саран» автожолдарын қайта құру жобалары қолға алынады. Saran индустриялық аймағына айналма жол салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама да биыл әзірленеді.
Аудандық және қалалық ауқымда 237 шақырым жол жөнделмек. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстың 24 елдімекенінде 110 шақырым кентішілік жол қайта жаңғыртылмақ.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жол инфрақұрылымын жаңарту мен дамытудың маңыздылығына тоқталып, барлық жобалардың сапалы және уақытылы жүзеге асуын тапсырды. Оның айтуынша, жол сапасы барлық кезеңде, яғни, материал таңдауынан бастап жұмыстың орындалуына дейін – бақылауда болуы тиіс.
Сараптама жүргізу үшін әкімдіктер Жол активтері сапасының ұлттық орталығының филиалымен шарт жасасады.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ