Жол сапасы – бақылауда
Қарқаралыда биылғы жылы қалаішілік жолдарды қалпына келтіру жөндеу жұмыстары ерекше қарқын алып отыр. Бүгінгі күнге дейін аудандық бюджеттен мақсатты негізде бөлінген 105 млн. теңге қаражатқа 22 294 шаршы метр жол орташа жөндеуден өтті.
Атап айтқанда, «Шайтанкөл» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан Ә.Бөкейханов көшесінің бастапқы тұсына дейінгі жол аумағына, Жанақ ақын көшесі мен Н.Нұрмақов көшесінің аралығына, сондайақ, Н.Әбдіров көшесінен бастау алатын бағыттарға асфальт жабындысы төселді. Сонымен қатар, Ә.Бөкейханов көшесі бойындағы жолға облыстық бюджет есебінен қарастырылған 50 млн. теңгеге толығымен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырушы – «Дилакомпани» ЖШС. Жалпы, бюджет қаражатының орынды жұмсалуы мен жол жөндеу жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде атқарылуын аудан әкімі Халел Мақсұтов өз бақылауында ұстап отырғанын айта кеткен жөн. Өңір басшысы сол мақсатпен мердігер компания басшыларымен арнайы кездесіп, жұмыс сапасының талапқа сай болуын қатаң тапсырды.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.
Сағыныш ӘБІЛ,
«Ortalyq Qazaqstan»