Жол сапасы қатаң бақылауда
Қазір облыс орталығында жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл Қарағандының жеке секторындағы 52 шақырымға асфальт төселді. Жол жаңарту жұмыстары қаланың Михайлов, Берлин, Федоров бөлігінде және қала орталығында қолға алынған. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала көшелерін аралау барысында жолдарды, су құбырлары мен жылу желілерін жөндеу жұмыстарының барысын бақылады.
Бүгінде кеншілер шаһарының орталығында жеке секторда төрт шақырым жайдақ жолға асфальт төселген. Алдағы уақытта тағы бір шақырымы төселмек.
Сондай-ақ, 2022 жылы облыс орталығында «Ыңғайлы тас жол» тәжірибесі енгізілді. Су құбыры желілерін жөндеу жоспарланған жолдарға қиыршық тас төселеді. Биыл билік 15 шақырым жолға ұсақталған тас себуді жоспарлап отыр.
Жол инфрақұрылымын дамыту туралы аймақ басшысына Қарағанды қаласы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Рүстем Қожақапанов кеңінен баяндап берді.
– Новогородская көшесі бойындағы жол пайдалануға берілді. Бұл – «Тойота орталығы» қиылысындағы көлік кептелісін төмендететін транзиттік дәліз. Гоголь жетінші магистраль қиылысында 10 күн ішінде бағдаршам орнатылады. Федоров өткеліне келсек, мердігер келесі аптаның соңында көшені ашуды жоспарлап отыр. Мұнда асфальттың жоғарғы қабаты толығымен ауыстырылып, бетон жиектері гранитке ауыстырылды, – деді Рүстем Мақсатұлы.
Облыс әкімі Н.Әбдіров даңғылы мен Әлиханов көшесіндегі шағын жолдың жөнделуін де тексерді.
Бұдан бөлек, Ермағанбет Бөлекпаев «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 21-су құбырын қайта жаңарту барысымен таныстырылды. Су құбыры 1977 жылдан бастап, жұмыс істейді және қаланың орталығын, Михайловканы, Ақтас кентін сумен қамтып отыр. Тұрғындар «бұл магистральде апаттар жиі орын алады» деп бірнеше рет шағымданған. Жоба желтоқсан айының соңында аяқталады. Сумен жабдықтау сапасы ғана емес, сонымен қатар, қысым да артады.
Ал, Жамбыл көшесінде жылу желілері жаңартылып жатыр. Өткен жылы мұнда сегіз апат болып, тұрғындар жылусыз қалған. Қазір құбырларды орнату аяқталған. Жөндеу жұмыстарынан кейін жол қиыршық таспен жабылып, асфальттау келесі жылға жоспарланған.
Облыс әкімі қала басшысы Мейрам Кожуховқа қоғамдық орындарды жұртшылыққа қолжетімді етуді мұқият тапсырды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін биік жиектастар мен ыңғайсыз жол жиектері түрінде кедергілер болмауы керектігіне баса назар аударуды міндеттеді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»