Бас тақырып

Жол мәселесі жолда қалмайды

Биыл орталық облыста 673 ша­қырым автожолды жөндеу жоспарланды. Жүйелі жұмыстар республикалық және облыстық жолдарды, қалалар мен ауылдардың ішіндегі жолдарды қамтиды. Сапаға ерекше назар аударылады: әрбір нысан ма­мандардың оң қорытындысы бол­ған жағдайда ғана тапсырылады. Аталған кешенді іс-шаралар Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қа­зақстан халқына Жолдауында бе­рілген тапсырмалар аясында іске асып жатыр.

– Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. «Астана-Алматы», «Ақтөбе-Атырау-Астрахань», «Талдықорған-Өскемен» бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан, бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын, – деді Президент.

Иә, бүгінгі таңда жол құрылысы мен жөндеуіне қойылатын талаптар тек асфальт сапасымен шектелмейді.

Жаңа стандарттар кез келген жолдың климаттық жағдайларға бейімделуін, жүктемеге төзімділігін, экологиялық және технологиялық тиімділігін қатар талап етеді. Цифрлық басқару жүйелері, автоматты бақылау кешендері, смарт-логистика элементтері жол инфрақұрылымына енді. Сонымен қатар, жолдардың жанындағы инфрақұрылым – жаяу жүргінші жолақтары, жарықтандыру, көлік қауіпсіздігін арттыратын белгілер мен қоршау­лар – қазіргі замандағы міндетті элементтерге айналды. Бұл талаптар тек көлік ағынын тиімді басқаруға емес, адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Демек, бүгінгі жол – жай ғана қатынас емес, цифрлы, қауіпсіз әрі ұзақмерзімді дамуға жауап беретін стратегиялық инфрақұрылым.

Осы орайда жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мұқашевқа жүгінген едік. Спикердің айтуынша, биыл көлік қолжетімділігін жақсартуға әрі жол төсемінің төзімділігін арттыруға баса назар аударылмақ.

– Біз жай ғана жөндеу емес, жоспарлы жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, жолдар жоғары жүктемеге төтеп беруі үшін асфальт екі қабат етіп төселеді. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша ауылдық жерлердегі жолдар жаңартылу үстінде. Жөндеу жұмыстарымен Абай, Бұқар жырау, Шет және Осакаров аудандарын қоса алғанда, 7 ауданның 24 ауылында 110 шақырымдық жолдарды қамту көзделді. Жоба асфальт төсеуді ғана емес, оған іргелес аумақтарды, жол жиектері мен жиекжолдарды абаттандыруды да қамтиды, – деді Мақсат Мұқашев.

Сонымен қатар, Нұра, «Шерубай-Нұра» және Есіл өзендері арқылы өтетін үш көпір қайта жөнделеді. Мәселен, биыл «Қарағанды-Тоғызқұдық», «Осакаров-Молодежный» бағыттары және Саран жағына шығу жолдары жаңартылады. Жол беріктігі мен қызмет ету мерзімін арттыру үшін барлық трассаларға екі қабат асфальт төселеді. Жергілікті билік Қарағандыға ерекше көзқарас ұстанады. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапановтың айтуынша, осы жылдың өзінде облыс орталығында 110 шақырымнан астам жол жөнделеді. Бұған жаңа учаскелердің құрылысы мен ескі көшелердің күрделі жөндеуі кіреді.

– Маңызды міндет – нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 85%-ға дейін жеткізу. Жеке секторды қоса алғанда, барлық аудандарда тиісінше жұмыстар жүргізілуде. Біз жол бойындағы шұңқырлар атаулысын жөндеуді бастап кеттік. Әрмен қарай қаланың негізгі көшелерін қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деп атап өтті ол.

Маңызды нысандардың ішінде Космонавттар деп аталатын әрі Е.Бөкетов, С.Мұқанов көшелерін, мұнымен қатар орамаралық жолдарды қайта жаңарту межесі бар. А.Пичугин мен Четская көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Орташа жөндеу Ә.Ермеков, Университет, Н.Назарбаев, С.Ерубаев, Н.Гоголь, Тәттімбет және өзге де көшелерде жүргізіледі. Оған қоса жол-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 35-ші бағыттағы автожолды қайта құру жобасы әзірленді.

Республикалық маңызы бар негізгі жолдардың 232 шақырымы орташа жөндеумен қамтылмақ. Оның ішінде «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз», «Астана-Теміртау», «Қызылорда-Жезқазған», «Қарағанды-Шідерті», «Астана-Қарағанды (айналма жолмен) – Алматы». Жол өткелдеріндегі шөгіп кеткен тұстарды жою және деформациялық жіктерді жөндеу жоспарлануда. «Жезқазған-Қарағанды» автожолын жөндеуге жобалық-сметалық құжатты әзірлеу амалдары аяқталды. Қайта жаңартудан кейін жол II техникалық санатқа көшіріліп, климаттық тұрғыда орнықты болады. Бұл жыл бойы қолжетімділікті қамтамасыз етіп, жол жүру уақытын қысқартады. Ал, ірі магистральдарда жүк көлігін автоматты түрде өлшеудің қосымша кешендері орнатылады. Яғни, барлығы сегіз «нүктені» қамтымақ.

Осы атқарылып жатқан жұмыс­тар – еліміздің инфрақұрылымдық серпілісінің нақты көрінісі. Жолдардың сапасын арттыру арқылы мемлекет көлік қозғалысын ғана емес, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын, халықтың өмір сүру деңгейін тікелей жақсартып отыр. Қалалар мен ауылдарды байланыстыратын магистральдардың жаңаруы – бизнесті жандандырып, логистиканы оңтайландырады, ал заманауи өлшеу кешендерінің орнатылуы – жүк көлігінің шамадан тыс салмағы салдарынан жолдың ерте бұзылуына жол бермейді. Мұндай жүйелі және кешенді тәсіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық бағытпен үндесіп, елімізді тұрақты даму жолына жетелейді.

Жол жұмыстарын бақылау күшейтілуде. Сапаға ерекше көңіл бөлінуде. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы филиалының бөлім бастығы Манас Тұрар атап өткендей, барлық нысандар міндетті тексеруден өтеді. Қазірдің өзінде 30-ға жуық асфальт зауыты тексерілген. Олардың біреуі ғана тиісті талаптарға толық сәйкес келген. Жол активтерінің сапасын тексеру аспаптық тексерулерді де қамтиды.

– Тексеру қорытындысы бойынша 2024 жылы жөнделген учаскелерде ақаулар анықталған жоқ. Жөндеу жұмыстары осыдан 2-3 жыл бұрын жүргізілген жерде бірқатар кемшіліктер бар. Олардың барлығы бекітілген әрі кепілдік міндеттемелер шеңберінде мердігерлерге жоюға бағытталған, – деп хабарлады Манас Тұрар.

Сонымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары күнделікті жоспар ғана емес, нақты әрекет пен жүйелі өзгерістерге бастар бірегей жол. Бүгінгі жол төсемі – сапалы асфальтпен ғана емес, селкеусіз сенім, тап-тұйнақтай тәртіппен қағидаттарын негізге алумен төселіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жол – тек көлік қатынасының нысаны емес, ол елдің дамуы мен азаматтардың өмір сүру сапасының тікелей көрсеткіші. Орталық өңірдегі 673 шақырым жолдың жөнделуі – ауқымды істің бір бөлігі. Бұл тек тас төсеу емес, ауыл мен қала арасындағы теңдікті қамтамасыз ету, өңірлік байланысты нығайту, экономиканың қан тамырын күшейту. Әсіресе, жиі қолданылатын облысаралық және ауданаралық бағыттардың қамтылуы – күнделікті өмір мен қызметке тікелей әсер ететін маңызды қадам. Бүгінгі жол – ертеңгі даму бағдары. Жолы ашық аймақ – елдің болашағына жасалған игілікті инвестиция.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button