Жол картасы іске қосылады
«Nur Оtan» партиясының жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес отбасы және балаларды қорғау бойынша жол картасын іске қоспақ. Әр аймақтағы жол картасында 70-тен астам шара қамтылған. Оның барлығы отбасын қолдауға бағытталған.
Бағдарламада әсіресе, отбасындағы зорлық-зомбылық, суицид, тәуелділік туғызатын түрлі нәрселерге қатысты жұмыстарға баса назар аударылатын болады. Психологтарды, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлерді тарту арқылы отбасын қолдау бойынша орталықтар желісін құру көзделген.
– Бүгінгі таңда 12 аймақтың әкімдері Жол картасына қол қойып, оны жүзеге асыруды қолға алды. Бағдарламаның жер-жерлерде орындалуы үшін әдейі жергілікті әкімдіктерді тарттық. Қоғам өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың барлық ұсыныстарын жинақтап, қолданыстағы барлық механизмдерді қарастырдық. Үздік деген жобалар республика көлемінде таратылатын болады, – деді «Nur Otan» партиясының жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева.
Оның айтуынша, зорлық-зомбылық құрбаны болған балалардың 60%-ынан астамы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан болған. Сондай-ақ, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 80%-ында тірі әке-шешелері бола тұра, сондай жағдайға түскен.
Сондықтан да, ұйымдасты- рушылар медициналық-психологиялық шаралар кешенін де айрықша орынға қойып отыр.
Жол картасы аясында «Балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы инфрақұрылым» бағдарламасы іске қосылады деп күтілуде. Оның негізінде ашық жатқан құдықтарды тексеру, аулаларды жарықтандыру мен абаттандыру, балалар мекемелерінде терезелерге қорғаныш құралын қою, сырттағы дәретханаларды жою сынды жұмыстар атқарылатын болады.
Көпбалалы, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға «Жәрдем», балаларға қатысты қылмысты азайту үшін «Балаға қамқор қала» бағдарламалары, ерекше балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға, сонымен қатар, еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын жастарға арналған жекелеген шаралар қарастырылған.
Жансая ОМАРБЕК.