Абай ауданындағы 42 жол пайдалану бөлімшесі Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Шідерті бағытындағы тас жолдың 158 шақырымына қызмет көрсетеді.
Жазы-қысы жолшылардың жанталасқан тірлігі таусылмай, қар жауып, аяз тұрып, боран соққан күндері ол тіпті көбейіп кетеді.
Қазірде осы бөлімше жолшылары өздеріне бекітілген аралықта қарға жабысып қалған жол белгілерін тазартып, жол беттерін қардан арылтып, көктайғаққа қарсы құм себуде. Бұл жұмыстарға 1 автогрейдер, 6 құмсепкіш машина, 2 жүктиегіш, 1 «Газель» мен 2 «Нива» автокөлігі тартылып, қатысуда.
– «Жол азабын жүрген білер» демекші, кешегі ақтүтек боранда жолға шығып кетіп, Ақой аулы маңында қарға батып қалған 6 жеңіл көлікті шығарып, олардың ішіндегі 24 жолаушыны жылы жерге орналастырып, тамақтандырып, құтқарып қалдық, – дейді 42 жол пайдалану бөлімшесінің бастығы Нұргелді Сейфулғазин.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан