Бас тақырып

2025 жылы облыс аумағында 980 жол-көлік оқиғасы тіркелді

«Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл – бұл жол қауіпсіздігі. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы Жолдауында. Бұл – қоғамға жүктелген үлкен жауапкершілік. Себебі, жол үстіндегі әр тәртіпсіздік, әрбір салғырт шешім орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Бүгінде жол-көлік оқиғалары құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас мемлекеттің, әрбір азаматтың назарында тұрған күрделі әлеуметтік мәселеге айналды. Жол қауіпсіздігі – адамның өмірі, елдің демографиялық ахуалы, қоғамдық мәдениет пен жауапкершіліктің айнасы.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Көлік саны көбейген сайын қауіп те артады

Еліміз бүгінде жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басқан шақта, қауіпсіз әрі тәртіпті жол қозғалысын қалыптастырудың мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі екенін атап айту керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында жол-көлік оқиғалары мәселесіне тағы да арнайы тоқталып, бұл түйткілдің тек Қазақстанға ғана емес, көптеген елге ортақ екенін атап өтті.

Ел Президентінің айтуынша, жол апаттарының басты себептерінің бірі – автокөліктер санының күрт артуы. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде автокөлік саны тек өткен жылдың өзінде 300 мыңға артқан. Ал, соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 1,7 миллионға жеткен. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағы арқылы жыл сайын шамамен 3 миллион транзиттік автокөлік өтеді. Мұның барлығы жол қозғалысына түсетін жүктемені еселей түсетіні сөзсіз.

Сала мамандары, автокөлік саны артқан сайын жол апатының болу ықтималдығы да жоғарылайтынын айтады. Осыған байланысты, мемлекет тарапынан нақты әрі жүйелі шаралар қабылданып келеді. Ішкі істер министрлігі де жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықты анықтау мен оның алдын алу жұмыстарын жандандыра түскен. Жол инфрақұрылымы жаңартылып, бақылау тетіктері күшейтіліп келеді. Айыппұл мөлшерінің өсуі де, ең алдымен, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл шаралардың оң нәтижесі де көріне бастады. Нақты айтсақ, қолға алынған шаралардың арқасында елімізде жол-көлік оқиғаларынан болған адам өлімі 9,4 пайызға азайды. Дегенмен, ел тұрғындары жол ережесіне немқұрайлы қараса, бірде-бір шара түбегейлі нәтиже бермейтінін де ұмытпаған жөн. Апаттардың басым бөлігі қарапайым талаптарды сақтамаудан туындайды.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімов бұл жағдайға кеңінен тоқталды.

– Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, жаяу жүргіншілерді өткізбеу, мас күйінде көлік жүргізу және тағы басқа. Мұның барлығы адам өмірімен тығыз байланысты. Жүргізуші жол ережесін білмеуі мүмкін, бірақ, көп жағдайда оны біле тұра елемейді. Осындай жауапсыздықтың соңы адам өлімімен аяқталып жатады. Сондықтан, өзгенің өміріне құрметпен қарауымыз керек, – дейді ол.

Өңірлік ахуал: көрсеткіштер мен шешімдер

Облыс аумағында да жол қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып отыр. 2025 жылы облыс аумағында 980 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 147 адам қаза тауып, 1 197 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.

Бұл көрсеткіштер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында шұғыл әрі заманауи шешімдер қабылдауды талап етті.

Талдау нәтижесінде, қараңғы уақытта болатын жол апаттарының негізгі себептерінің бірі – жүргізушілердің ұйқылы-­ояу күйде көлік басқаруы екені анықталды. Осыған байланысты, ДП басшылығы «ҚазАвтоЖол» АҚ-мен бірлесіп, елімізде алғаш рет аркалы конструкцияларға орнатылған қуатты әрі төмен интенсивті лазерлерді қолдану жүйесін іске қосу туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда мұндай 11 бірлік орнатылған.
Бұл инновациялық жүйе жүргізушінің зейінін арттырып, ұйқышылдықты сейілтуге көмектеседі. Нәтижесінде, түнгі уақытта болатын апаттардың алдын алуға нақты мүмкіндік туады.

Жол апаттарының тағы бір себебі – жылдамдық режимінің сақталмауы. Осы мәселені шешу үшін елдімекендерде және республикалық маңызы бар автожолдарда жылдамдықты автоматты түрде тіркейтін «Екин-Патрол» кешендері, сондай-ақ, жасырын патрульдеуге арналған «Оракул» жүйелері кезең-кезеңімен орнатылып жатыр. Бұл кешендер жүргізушілердің тәртібін бақылап қана қоймай, олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне де айрықша назар аударылуда. 2024 жылғы 1 шілдеден бастап, Қарағанды және Теміртау қалаларында «Argus-жаяу жүргінші» автоматтандырылған бақылау кешендері іске қосылды. Бұл жүйе жаяу жүргіншіні өткізбеген жүргізушілерді автоматты түрде тіркейді. Ал 2026 жылға дейін тағы 15 бірлік осындай кешен сатып алу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер тарапынан жасалатын жол ережесі бұзушылықтарын анықтайтын, бет-әлпетті тану функциясы бар «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» кешенін тес­тілік режимде енгізу көзделуде.

– Қазір жолдан өту бұрынғыдай емес. Камералар, белгілер, жарықтандыру – барлығы тәртіпке шақырады. Жаяу жүргінші ретінде өзімді қауіпсіз сезіне бастадым. Мұның барлығы адам өмірін сақтауға бағытталғанын түсінеміз, – дейді қала тұрғыны Мұрат Қуандықұлы.

Ал, ұзақ жылдан бері такси тізгіндеп келе жатқан тәжірибелі жүргізуші Жанат Тілеуберген мәселенің түп-төркінін тереңірек пайымдайды.

– Камералар, айыппұлдар, жаңа технологиялар – бәрі керек. Бірақ, ең бастысы – жүргізушінің ішкі мәдениеті. Біз бір-бірімізге жол беруді, асықпай жүруді үйренуіміз керек. Сонда ғана апат азаяды. Мен күнде рөлде отырған адам ретінде мұны анық көріп жүрмін, – дейді ол.

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, шынында, жол қауіпсіздігі – әр азаматтың санасына, мәдениетіне, жауапкершілігіне тікелей байланысты күрделі қоғамдық мәселе. Мемлекет басшысы айт­қандай, адам жол ережесін полициядан қорыққандықтан емес, өзінің және өзгенің өмірін ойлағандықтан сақтауы тиіс.

Бүгінде елімізде жол қауіпсіздігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Инновациялық технологиялар енгізіліп, бақылау күшейтілуде, инфрақұрылым жаңартылуда. Алайда, осының барлығы қоғамның саналы қолдауынсыз толық нәтиже бермейді.

Жол үстіндегі әрбір дұрыс шешім – сақталған бір тағдыр. Ал, адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Сондықтан, қауіпсіз жол – мемлекеттің ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз екенін естен шығармаған абзал.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button