Жаңалықтар

Жол апаты бес адамның өмірін жалмады

Кеше Қарағанды-Астана тас жолында жантүршігерлік жол апатынан 5 адам қаза тапты. Оқиға Осакаровка кентінен 50 шақырым жерде орын алған.

 

«Ford Ranger» көлігінің жүргізушісі жол жұмысшысын қағып өтіп, КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан жұмысшы, көлік жүргізушісі, сондай-ақ оның үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

 

– Кеше, сағат 15.00 шамасында Осакаровка кентінен 50 шақырым жерде Қарағанды қаласынан Астана бағытына бара жатқан «Ford Ranger» автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалып, жол жұмысшысын қағып өтіп, жолда тұрған КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жұмысшы, «Ford Ranger» көлігінің жүргізушісі және көлікте болған үш жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, – деді Қарағанды облысы жол полициясы басқарма басшысының бірінші орынбасары Құрманғали Исмағұлов.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі «Автокөлік құралын басқаратын адамның екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалып, полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button