Бас тақырыпРесми

Жобаларды субсидиялау басталды

Елбасының тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қолдау табатын елімізде экономикалық қызметтің 365 тауарлы түрі анықталған. Ол – тауарлар, яғни, аты айтып тұрғандай, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек, қажеттіліктерін қамтиды. Қазіргі уақытта еліміздің әр аймағында аталған бағдарлама бойынша жобаларды субсидиялау жүргізілуде. Бейсенбіде Қарағанды облысында алғашқы жоба – «Альфарух logistic» кәсіпорнын «Даму» қоры субсидиялауды бастады. «Халық» банкі» АҚ Қарағанды филиалымен берілген 15 пайыздық несиенің 7 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. 8 пайызын өнеркәсіп өзі төлейді. Осы орайда, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Халық банкі» және «Альфарух logistic» кәсіпорны өкілдері өзара меморандумға қол қойды. Бұл – аталған бағдарлама бойынша Қарағанды облысында қолдау иеленген бірінші жоба. Құны – 2 млрд.теңге.

Елбасының «қарапайым заттар экономикасын» дамыту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында отандық кәсіпорындарға 600 млрд. теңге көлеміндегі қолжетімді несиенің айрықша шарттары мен тетіктері айқындалғаны мәлім. Оның 400 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалады. 200 млрд.теңгесі агроөнеркәсіп кешендегі өндірістерді қамтиды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «қарапайым заттар экономикасын» дамыту, өңделген өнімдерді экспортқа шығару, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру тапсырмалары 2018 жылдың желтоқсанында Үкімет қабылдаған Индустрияландырудың үшінші бағдарламасының тұжырымдамасында ескерілген-ді. Сонымен, қабылданған жаңа бағдарлама Қазақстандағы қарапайым заттардың импорттық үлесін 14 пайызға азайтады деп күтілуде. Ал, Қарағанды қаласында орналасқан «Альфарух Logistic» компаниясы – республикадағы ең ірі жоба. Субсидиялау нәтижесінде компания Қарағандыда ірі сауда-логистикалық орталық салуда. Бұл азық-түлік тауарларын сақтауға және тасымалдау шығындарын қысқарту есебінен олардың құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның шарты бойынша, жоғарыда айтып өткеніміздей, «Даму» қоры несиелік мөлшерлеменің 7 пайызын субсидиялайды. Қалған 8 пайызын «Халық банкі» несиесін пайдаланғаны үшін кәсіпкердің өзі өтейді. Бұл болса, кәсіпкерге 100 млн. теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, 300 жаңа жұмыс орнын ашатын орталықты қолдау туралы шешімді «Халық банкі» АҚ Қарағанды филиалы да мақұлдаған.

Жасұлан ЖҰМАБЕКОВ, «Халық банкі» АҚ Қарағанды филиалы директорының орынбасары:

 – Бүгін біз «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Даму» қорымен субсидиялау туралы келісімге қол қойып отырмыз. Бұл – жобаға 15 пайызбен несие береміз. Бұл несиенің 7 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. Ал, қалған 8 пайызын өнеркәсіп өзі төлейді. Елбасының тапсырмасымен дүниеге келген бағдарлама негізінде Қарағанды облысында алғашқы қаржыландырған жоба.

Экономиканың басым бағыттарын дамытуға бөлінетін 600 млрд.теңге нақты аймақтарға жіктеліп бөлініп берілмеген. Яғни, қай аймақтан қанша жоба ұсынылса, сонша қаржыландырылады. Белгілі бір шектеу жоқ. Сондықтан да, аймақтағы кәсіпкерлерге берілетін мүмкіндік зор. Бағдарламаға басымдық берілген тауарлар тізіміне кірген өнімдерді шығаратын шағын, орта және ірі кәсіпорындар қатыса алады.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ АФ директоры Тимур Екеевтің айтуынша, түпкілікті өнім өндірушіге берілетін несиенің жылдың мөлшерлемесі 15 пайыздан аспайды.

Тимур ЕКЕЕВ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ АФ директоры:

 – Экономиканың басымдық берілген жобаларын несиелеу механизмі бойынша бірінші жобаға байланысты келісім жасалуда. Басқаша айтқанда, бағдарлама «Қарапайым заттар экономикасы» деп аталады. Бұл – облыстағы «Халық банкі» Қарағанды филиалы арқылы жүзеге асып отырған бірінші жоба. «Альфарух Logistic» жобасы – еліміздегі бірегей жоба.

Жалпы, бағдарлама жобаларды несиелеу арқылы импортты алмастыруды көздейді. Сөйтіп, импорттың ел ішіндегі үлесін азайтуды мақсат тұтып отыр.

 «Альфарух Logistic» компаниясы – көліктік-логистикалық орталықтың құрылысын жүргізуде. Онда 3 қойма бар. Орталық ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтап, таратып, қаптап, тасымалдайтын болады.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button