Білім

Жобалар өндіріске бағытталады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өткен ғылыми-технологиялық хакатонға қатысып, ғылымды елдің индустриялық қажеттілігіне бағыттау маңызды екенін атады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Қазіргі заманғы шаймалау әдістері және олардың тау-кен металлургия саласындағы болашағы» атты екінші ғылыми-технологиялық сессия Ғылым және жоғары білім министрлігі және «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылды. Гидрометаллургия саласындағы озық технологияларды талқылауға жетекші ғалымдар, сарапшылар және өнеркәсіп өкілдері жиналды.

Бағдарлама аясында қазақстандық және шетелдік мамандар инновациялық шешімдерді іздеуге бағытталған пікірталастар ұйымдастырды. Мыс кендерін жерасты және жерүсті шаймалау тәсілдерінің келешегі, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері және оларды өндіріске енгізу жолдары қарастырылды.

– Хакатон металлургия өнеркәсібіндегі маңызды жүйе кенді сілтілеу саласында инновациялық шешімдерді табу және әзірлеу үшін жетекші ғалымдарды, инженерлерді, студенттерді және сала өкілдерін біріктіреді. Қатысушылар пайдалы қазбаларды өндіру мен қайта өңдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыра алатын жаңа технологиялар мен әдістерді ұсыну мүмкіндігіне ие болады.
Ғылым мен бизнестің өзара ықпалдас­тығына ерекше көңіл бөлінді. Кәсіпорындар өкілдерінің, соның ішінде «Қазақмыс» корпорациясы мамандарының қатысуы осы бағыттағы байланыстың маңыздылығын көрсетті. Екі күндік жұмыс барысында ғалымдар ғылыми баяндамалар ұсынып, заманауи технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісіп, қолданбалы зерттеулерге негізделген шешімдер әзірледі, – деді Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева.

Ғылым және жоғары білім министрі Саят Нұрбек бастаманың ғылым мен бизнестің ықпалдастығын арттыруға сеп екеніне тоқталды. Ұлттық экономиканың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыру, ғылыми-техникалық дамудың басым бағыттарын айқындау және экспортқа бағытталған жаңа өнімдер шығару мақсатында қолға алынғанын атады.

– Өндірісті жаңа технологияға, ғылымға бағыттау керек. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру маңызды. Оның үстіне бұл қадам қосылған құн салығын арттыруға, бизнестің және тұтастай елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға жол ашады. Экономика салалары бойынша жобалар портфелін негізінен агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау және химия өнеркәсібі құрайды. Нақты салалардағы бизнестің сұранысына қарамастан, машина жасау, туризм және өңдеу өнеркәсібі секторында төмен деңгей байқалады. Өңірлер бойынша ғылыми жобаларды коммерцияландыруда Қарағанды қаласының ғалымдары белсенділік танытып келеді. Осы орайда ғалымдар игілігі үшін өңірде беделді университеттердің филиалдары ашылады, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттің ғылыми-технологиялық саясаты түбегейлі өзгерді. Алдымызда ғылымды қажет ететін экономикаға көшу мақсаты тұр. Алдағы уақытта өндірістің нақты мәселесін анықтап, ғылымды қаржыландыру сол мәселелердің шешілуіне жұмсалады.

Ғылым өнеркәсіппен тығыз байланыста жұмыс істеп, нақты секторда қолдануға болатын технологияларды әзірлеуі керек. Осы бастама аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі зерттеу әзірлемелерін өндіріске енгізуді белсенді түрде қолдап, инновациялық жобаларды дамытуға жәрдемдесуде. Хакатон нәтижесіне сай үздік жобалар іске асыруда қолдау тауып, ал олардың авторлары Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының қатысуымен өз идеяларын одан әрі дамытуға мүмкіндік алады.

– «Қазақмыстың» бүгінгі басты мақ­саты – шикізат базасын кеңейту. Бізді ең алдымен техногендік минералды түзілімдерді байыту қызықтырады. Бұл – баланстан тыс кендердің үйінділері, байыту фабрикасының қалдықтары. «Қазақмыста» шлактарды, байыту фабрикаларының қалдықтарын, баланстан тыс кендердің үйінділерін де байытуға болады. Мұндай қалдықтарды қайталама шикізатқа ауыстыру қажет. Байытудың көптеген жолдары бар, – деді «Қазақмыс» корпорациясының тұрақты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов.

Жиында коммерцияландыруға ұсынуға мүмкіндігі зор ғылыми жобалар іріктелді. Оларды жүзеге асыру бағалы металл өндіру тиімділігін арттырып, экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Қазақстанның тау-кен металлургиясындағы жетекші орнын нығайтады.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button