Жоба талқыланды
Өткен аптада Қарағандыдағы «Достық үйінде» Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстың білім басқармасы және ЮНЕСКО клубтарының Қазақ¬стандық Ұлттық Федерациясының өкілдігімен бірлесе отырып, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылауға арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясының бірыңғай күні» өтті.
Іс-шараның мақсаты – тарих пен әдебиетті және өнерді ұштастыра отырып, жастар бойындағы патриоттық сезімді ояту болды. Алқалы басқосуға этномәдени бірлестіктердің төрағалары, білім басқармасының жетекші мамандары, Қарағанды қаласының қосымша білім беру ұйымдарының жетекшілері, №2 өнер мектебі – ЮНЕСКО клубының жүйесіндегі мектеп жасына дейінгі және жалпы білім беретін мектептердің директорлары, ЮНЕСКО клубтарының Қазақстандық Ұлттық Федерациясы өкілдігінің клуб жетекшілері қатысты.
Отырысты облыстық «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын ашты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық жаңғыру ұғымының өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін атап көрсетті. Бүгінгі таңда халқымызды өркениеттің өріне бастайтын өзіндік бағытты айқындап берген бағдарламалық мақалада көрсетілген міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылуда. Солардың қатарында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жас ұрпақтың бойына жаһандық ой-сана құндылықтарын сіңіруге ерекше екпін бермек, – деді Ерлан Құсайын.
Келелі кездесуде жоғары оқу орындары ұсыныстарымен іріктелген 800 оқулықтың негізінде жасалған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы талқыланды.
Сонымен қатар, кездесудің спикерлері ретінде «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың доценті Нұрсахан Бейсенбекова, Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының меңгерушісі, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың доценті Жамбыл Жұмабеков, ҚарММА доценті Бахредден Нұғман өз пікірлерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды.
Шараның қорытындысы ретінде бірталай ұсыныстар айтылды. Олардың ішінде, қазақ тіліне аударылған 100 жаңа гуманитарлық оқулықтарды оқу бағдарламасына енгізу, қоғамдық келісімді нығайту және білім беру саласындағы жаңа ғылыми басылымдардың Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының жұмысында қолданылатын ғылыми терминдерді жүйелеу, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қарағанды облысының білім басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумды дайындап, қол қою сияқты өз ойларын ұсынды.
Өз тілшімізден.