Жоқшының жортуылы
Қасиетті де киелі Ақтоғай топырағы ұлттық сөз өнері мен тарихына айтулы тұлғаларды бергенімен мақтана алатыны анық. Тоқырауын арнасында жатқан жалпақ елде ғасырлар бойы қалыптасқан билік-шешендік және ақындық өнер дәстүр жалғастығының заңдылығына сай әдеби шеберлік мектебін қалыптастырды. Сол мектептен тәлім-тәрбие алып, өнерпаз тұлға ретінде шыңдалып шыққан ақын-жазушыларды санамалап жату артық. Ақтоғайда осы ақындық мектеп шаңырағының еңсесін биіктете түссем деген мақсатпен белді уық болып қадалған бір ақын бар. Ол – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Ерен еңбегі үшін” медалі мен Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері, танымал журналист, айтулы ақын Мүсіркеп Сейдахмет. Тәуелсіздік алғаннан бергі қазақ поэзиясында өзіндік үнімен, ақындық қуатымен танылып жүрген ақын шығармашылығы әдеби ортаға кеңінен танымал.

Оқырман жұртшылықтың басым көпшілігі оны қаламы жүйрік журналист, публицист ретінде танып-білсе де, сол ортадағы өлең өнеріне көзі қарақтылары республикалық, аймақтық мерзімді баспасөзде жиі жарияланып жүретін ой мен сезімге толы жырларын қалт жібермей қадағалай оқитын. Әдеби ортада ақын
ретінде таныла бастаған уақытында жырларының жауһарларын жинақтап, «Қанатқақты» атты өлеңдер жинағын ұсынды. Халық атты қарапайым сыншының қошеметіне бөленді. Ал бұл ұлы сыншының ешқандай таным-таныстық пен «жалпақшешейлікке» бас имейтіні белгілі жайт. Қасым ақын айтқандай: «Уа, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы» деген оймен келді де, ең бастысы ол өзін өз қатарына мойындатты. Казіргі әдеби қауымда ақындарды «Бардың ақыны ма, Ардың ақыны ма?» деген әзілмен бөледі. Онысы «атақ үшін биліктің сөзін сөйлейтін ақын ба, жоқ халықтың сөзін сөйлейтін арлы ақын ба?» дегені. Ақынмын дейтін жан үшін жеке басқа тән сезім сергелдеңінен гөрі, әдебиеттанушылық тұрғыдан алғанда ел мен жер тағдырынан асатын артық тақырып жоқ. Мүсіркеп ақын поэзия әлеміне осылайша келген болатын. Төлеген Айбергенов:
Қалып ең жанға жақын боп,
Жүректе бүгін сыздау көп.
Мен кеттім бірақ ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп, – десе,
Мүсіркеп Сейдахмет ақын:
Безініп тірлік кенептен,
Жаныма қойған мұң артып.
Ақын боп кеттім кенеттен,
Өмірге өзге құмартып, – деп жырлай-
ды. Өлең атты қасиетті өнерге үлкен талап-талғаммен қарайтын ақынның «Аһ, Дариға», «Ақжарма» атты екі бірдей жыр жинағы жарыққа шығып, оқырман қауымға шыншылдығымен, сыршылдығымен ұнады… «Е-ее, бәсе» дестік те:
Тұмса бір буын от-өнер,
Кеш ауды, жырға құмарым.
Бабында тұрса көтерер,
Бағымды өлең пырағым.
…Жырымның жауһар бұрымын
Тарқаттым дарқан далама, – деп ағынан жарыла сыр шерткен өлең-өрімдерін құмарта оқыдық. «Бәрекелді!» деп тұшымды жырларға сусындадық. Тамсантатын да, тайсалтатын да туындылар бар
екеніне ден қойдық. «Көженің қоюын – қою, сұйығын – сұйық» деп айтар болсақ, Мүсіркеп Сейдахметтің осы екі жыр жинағын оқып шыққан соң сізді белгісіз бір мұң билейді. Ол – қазақ поэзиясында Қасым-тағдыр, Мұқағали-мұңмен бірге өріліп келе жатқан мәңгілік желідегі адам, қоғам, заман туралы тебіреніс. Мына өткінші дүниеге сен де ақын көзімен қарағың, талант тағдырымен бағалағың келеді. Ақынның
«Қасым-жыр» атты өлеңіндегі лирикалық кейіпкер:
Мінездердің мәрттігін майдалаған,
Бола алмадым тісқаққан айлалы адам.
Аңқылдағын жүрекпен ашық-шашық,
Өзіме де белгісіз қайда барам… – десе,
оның басты себебін «Түрме-тірлік» жы-
рында:
Торуылдап төңіректі жендет-мұң,
Өтіп жатыр еңіретіп кермек күн.
Шыға алмай «тірлік» деген түрмеден,
Шайыр-ойды шырылдаған шерлі еттім, – деп нақтылайды. Ақынның осы сипаттағы өлеңдеріндегі негізгі сарын Ұлы Абайдың «Ойлы адамға қызық жоқ, бұл жалғанда» деген шерлі толғанысымен, Мағжан ақынның «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген ойымен астаса келіп, Мұқағалидың «Өмір дегенің бір күндік сәуле» екендігіне сабақтасып жатыр. Оған «Аһ, Дариға» жыр жинағының «Қара орман қабырғалы жұрт едім», «Тірліктен түрлі ой түйдім» аталатын бөлімдеріндегі кез келген өлеңі дәлел бола алады. «Өнер – тек қана өнер үшін» қағидасымен қараған уақытта, ақын мен қоғам екеуі екі бөлек әлем екені байқалатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Осы тұрғыдан қарағанда, өз заманына тек сыншыл көзбен қарай алған ақынның рухы асқақ, зердесі зерек. Мүсіркеп Сейдахметтің қай өлеңін оқысаң да, жүрекке жақын тиіп, жырлап отырған тақырыбы туралы дәл де тайсалмай тура айта алғанына тәнті боласыз. Не туралы жырласа да жеке адам көңіл күйі мен қоғамның көкейтесті мәселелері бір арнада ұштасып жатқан азаматтық пафоспен ерекшеленеді. Мұның сыры ақын жырларының қарапайым нәрседен көркем ой түйе білетін шынайылығында жатыр. Мысалы, «Жалаңаш дүние» деген өлеңіндегі:
Ойлаған пайда, қара бас қамды,
Құтырды сезім, сана мастанды.
Нәпсінің құлы сайтанға еріп,
Дүние түгел жалаңаштанды, – деп жазса, бүгінгі нарықтық замандағы жұрттың сана болмысының тұрпайылыққа бейімделіп бара жатқанынан жырлап отыр. Ақын заман үшін өзекті деп саналып жүрген жадағай тақырып атаулыдан бойын аулақ салады. Ғалым-сыншылар Оралхан Бөкейдің прозалық шығармаларының өзінде публицистикалық стильдің менмұндалап тұратынын, кейде басым түсіп жататындығын айтқан болатын. Мамандығы журналист болғанымен, ақын лирикасында публицистикалық стильдің ықпалы мүлде байқалмайды. Бұл –Мүсіркеп Сейдахмет талантының өзіндік тамаша ерекшелігі. Ал бұл дегеніңіз – өлең-өнерге үлкен жауапкершілікпен, талап-талғаммен қарау деген сөз. Отаншылдық патриотизм «Отан, мен сені сүйемін» деп құр айғайлай беруден көрінбесе керек. Қайта сол Отанының көркеюі мен гүлденуіне кері әсер етіп жатқан әлеуметтік мәселелерді ашық айта отырып, ойланып-толғануға жетелейді. Бұл өте дұрыс, себебі әдебиеттің жеке өнер саласы ретіндегі эстетикалық мұраты – адам тәрбиелеу болып табылатын болса, ақынның «Түркі тарих», «Тірліктен түңілу», «Бассыз қазақ», «Болмыс» секілді өлеңдерін мысалға алуға болады. Ауған соғысының ардагерлеріне арналған «Елес»
поэмасы өзінің сюжеттік-композициялық құрылымымен ерекшеленеді. Көркем образды тартыс үстінде сомдаймын деп ұзақсонарға түсіп алып соза беретін жаттанды жолға айналған үлгіден ақын саналы түрде бой тартқан. Шағын бөлімдерге бөле отырып, «әлқиса» мен «шегіністер арқылы» лирикалық кейіпкердің болмыс-бітімін монолог сипатындағы «тізгін, белдеу, байлау сөздері» арқылы ашуы шығармашылық жаңашыл ізденістер сипатын танытады. Адамзат қоғамының тарихында сол дәуірдегі заманға дер кезінде үкім айтып, бағасын бере алатын тек ақындар ғана.
Ал қазіргі қазақ қоғамына қандай ақындар керек?! Жалған сөйлемейтін, идея қуып қиялданып кетпейтін, салмақты да сыршыл ақындар қажет. Қазіргі ұлттық сананы жаулап әкетіп бара жатқан тоғышарлық (мещанство) пен барша ел болып күресіп жатқан сыбайлас жемқорлыққа ақын шығарған үкім-жазаны Мүсіркеп ақынның «Елім аман», «Кері ағар дүние-ай», «Рух
түлету», «Батыраштың балтасы» сияқты жырларынан анық таныр едік. Жоғарыдағы және осы жырларға кеңінен әдеби теориялық талдау жасауға мақала көлемінің көтермейтіні өкінішті болып тұр.
Ақын жалған пәлсапаға салынып ақыл айтудан аулақ, қасиетті қара өлеңмен адам жанының жұмбақ әлемдерін қарапайым шындық арқылы жырлайды. Кезінде Төлеген Айбергенов «Сағыныш» атты топтама өлеңдерімен биік деңгейге жеткізген циклді жырлар жазудың жаңаша бір ізденісін де осы жинақтардан оқып қуандық. Ақынның «Сипаты» оның «Мөлтек әлеміне» жалғасып, «Тағдырнамасында» «Арпалысқа» түсіп, ақыры «Мойынсынуға» барады да, соңында бұл қалай деп «Таңданыста» қалып, «Вот, солай» деп қорытады. Бұлар – адам-пенденің өмір өткелдеріндегі ғұмырнамалық айнасы.
Мүсіркеп Сейдахметтің «Жадымдағы жалқы жазбалар» және осы мерейтойы қарсаңында жарық көріп отырған «Жоқшы» атты жыр жинақтары қазіргі қазақ лирикасының көркемдік көкжиегіне өзіндік үлес болып қосылды деуге болады. Олар автордың мына қым-қуат заман мен өткінші өмірді ақын көзімен сезініп қана қоймай, түйсіне зерттеп-зерделеп жазатын шайыр екеніне көз жеткізеді. Ғалым Сент-Дьердьи: «Зерттеу дегеніміз – бәрі көрген нәрсені сенің де көруің, бірақ ол туралы ешкім ойламағандай ойлау», – деген болса, ақын адамзат қоғамының барша жұрт білетін көп қатпарлы құпиялары мен құбылыстарын басқа «ешкім ойламайтындай ойлап» жаза алғанына куә боласыз. Ақын халықтық дәстүр мен заманауи ойды тоғыстыра отырып, оқырманды тәуелсіздік, ар-ұят, намыс пен адалдық секілді құндылықтарға жетелейді. «Жоқшы» қазақтың жоғын жоқтап, барын бағалауға үндейтін сыршыл туындылардан тұрады. Жанрлық тұрғыдан алғанда бұл жыр жинақтарының мазмұнын өлең, жыр, арнау өлең, баллада, бір тақырыпқа арналған циклді жырлар құрайды. Өлең оқымаса өзегі талатын оқырман саяси-әлеуметтік, табиғат, махаббат лирикасынан жауһар жырларды жаны сүйсіне оқиды. Бір ғана туған жер, ауыл тақырыбындағы өлеңдерінің өзі-ақ қалада тұрып, түсінде ауылын көретін адамға «Елге барам» жырындағы мұңлы сезімді тудырары анық.
«Жоқшы» жыр жинағы алғашқы өлеңінде «Мен – һас сақпын, қазақпын» деп тарих сахнасына енген лирикалық кейіпкер, «Терезем тең бәрімен» деп шаттанса да «Оян, қазақ рухы» деп, «Жоқшы» болып намысқа жетелейді. Ол «Көксеуде»: «Құлы болған нәпсінің, қанағатсыз, тойымсыз,
Пенделіктің кебінін, шешіп кеткім келеді», – деп толғанса, қазіргі қазақ тұрмысының «Авгейдің қорасын» көріп, «Шындықтан жеңілдім» деп мойындайды. Осы аталған жырлардың өзінде-ақ өмір шындығының айнасы жарқырап тұр. Салиқалы да салмақты жыр жинақтарымен жетпіс жасқа толған мерейтой иесінен жаңа да жарқын жырлар күтеміз.
Жандос СМАҒҰЛ,
Филология ғылымдарының
докторы, профессор