Басты тақырыпТұлға

Жоқшы

«Ғылымда ақиқаттан артық авторитет болмауы керек. Біз әрқайсымыз Кеплерге, Галилейге, Декартқа ескерткіш орнатып, оның түбіне: «Платон – досым, Аристотель – досым, бірақ ең жақын досым – ақиқат» деп жазып қойсақ, кейінгіге жақсы өнеге болар еді».

Ньютон.

Әлемдегі физик атаулының ұстазы саналатын ұлы ғалым Ньютонның осы бір нақылынан мен қарағандылық профессор, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетайдың тағдырын танығандаймын. Өйткені, ол ақиқатты бәрінен биік қояды. Рас, ол – ақиқатқа тік қарай алатын, ақиқатсыз бойына ас батпайтын ғалым.

Біз – өзіміздің ғылыми тұжырымдарымызды физикалық формулаға бағындыруға барынша тырысатын фанаттармыз. Ал, өмірдің заңы формулаға бағына ма? Әлемдегі ғылыми жетістіктер мен соны жаңалықтардың барлығы – адам ізденісінің жемісі, әрине. Ал, өмірдің формуласына Алла мөр басқан. Сондықтан, Алла ғана – ақиқат, – дейді өзі.

Иә, Темірғали Әбілдаұлы Көкетай – Оксфорд университетінде дәріс оқыған тұңғыш қазақ. Қазақты Әлемге танытты. Бірақ, қазақ әлі Темкеңді танымай келеді. Әйтпесе, өзінің дара дарынымен, әлем ғұламаларынан қара үзген қарымымен ағылшынды абдыратып, жапондарды жалындырып, үндістерді үздіктіріп, қытайларды қызықтырып жүрген «Ғасыр ғұламасын» алақаннан түсірмейтін жөніміз бар ғой…

Қазақ ғалымын әлем таныды. Мойындатты. Әлем ғалымдарының ашқан жаңалығы мен жасаған тұжырымдарына бес жыл бойы сараптама жүргізілген. Жүз жылдықтың (ХХ ғасыр) дарынды ғалымын анықтау үшін. 1994 жылы Темірғали аға Кембриджден хат алады. Онда «Сіз – Кембридждегі Халықаралық Биографиялық Орталық жүргізген рейтинг бойынша «ХХ ғасырдың Ғұлама адамы» атағына ұсынылған үміткерлердің бірісіз» делінген. Сенген жоқ. Хаттың қайда қалғанын да білмейді. Арада екі ай уақыт өткенде қайтадан хат келеді. Темкең болса, алғашқы хатқа «Жауап жаздыңыз ба?» деп сұраған қызына «Маған оның керегі не?» деген жауап береді. Қызы ағылшын тілін жетік меңгерген болатын. Еркін сөйлеп, еркін жазады. Атақ-даңққа мүлде қызықпайтын әке болмысын жақсы білетін ол болашақ «Ғасыр адамының» «Қатты дененің абсолюттік спектроскопиясы» атты еңбегін ағылшын тіліне аударып, Кембриджге жолдайды. Жүйрік уақыт жүйткіп жатыр. Бұл хаттар туралы ұмытыла бастаған. 1999 жылдың шілде айында «Сіз «ХХ ғасырдың Ғұлама адамы» атағына лайықты деп танылдыңыз» деген сүйіншілі хабар жетеді. Темкеңнен басқа біреу болса, ректордың терезесін шағып, министрдің есігін сындырар еді. Ал, тумысынан қарапайым Темағам әлгі хатты тағы жоғалтып алған. «Неге немқұрайды болдыңыз? Әлде, менсінбедіңіз бе?» деген сауалымызға «Атақты тапсыру рәсіміне шақырыпты. Оған баратын ақшам қайда?» деген жауап алдық.

Әйтеуір, қазақ үшін қанқұйлы ғасыр болған ХХ ғасырдың соңғы күндерінде Англиядан Арқаға абырой келді-ау. Посылкамен жетті. Салмағы 300 грамм болатын таза күміс медалі мен «Ғасыр адамы» мәртебелі атағының дипломы. Сөйтіп, қазақ ғалымының ашқан жаңалығы ғасыр жаңалығына баланып, атағы аспандады. Бірақ, атақ иесі Темірғали аға ортамызда жүр. Аспандаған да жоқ, асқақтаған да жоқ. Осындай кейін Темірғали Әбілдаұлына қолқа салу көбейді. Әлемнің танымал университеттері студенттеріне емес, профессорларына дәріс оқуға шақырады.

2003 жылы Халықаралық конференцияға барған. Жапония физика ғылыми институтының бір ғалымы: «Сіз Темірғали Көкетаевсыз ба?» деді. Танып келіп тұр. Сонда білді – өзін «Ғасыр адамы» атағына ұсынған Жапония ғалымдары екенін.

Темірғали Көкетайды әлемнен бұрын таныған бір адам бар. Ол – академик Ебіней Бөкетов. Ұлыны ұлы ғана танып, ұлылар ғана бірін-бірі мойындаса керек. Ебіней Арыстанұлы Темкеңді қадірлеп өтті, ал, Темкең Ебіней ағасын пір тұтады.

Темкеңнің Эстонияның Тарту университетінде тағылымдамадан өтіп, сонда академик Чеслав Лущиктің жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғағаны (1970 ж.) туралы үнемі жазып жүрміз. Ал, жас ғалымның «Мыс пен күміс иондарының сілтілі-галоидтық кристалдардағы люминесценция орталықтарының табиғаты» атты ғылыми жұмысы өз жетекшісінің ғұмыр бойы зерделеп-зерттеген идеясына түбегейлі қарсы бағытта болғанын білмейді екенбіз. Чеслав Брониславович басында келіспеген сыңай танытады. Бірақ, шәкіртінің тұжырымдары тұщымды екеніне көзі жеткеннен кейін ғана тәуекел етіп, қорғауға жіберген. Жетекші мен аспирант арасында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған екен. Сол ұстазы шәкірті «Ғасыр ғұламасы» атанғанда телефон шалып, ағыл-тегіл жылайды. Қызғаныштан емес, әрине. «Ломоносовты тудырған ұлы орыс халқының өзі мұндай атаққа қол жеткізіп, Оксфордта дәріс оқыған жоқ. Сен – Оксфордта дәріс оқыған тұңғыш қазақсың!» деген қолтаңбасы бар кітабын сыйға тартыпты.

Оксфордта дәріс оқуының өзі – бір тарих. Әлемнің таңдаулы университеттерінің 70 профессоры қазақ ғалымының дәрісін тыңдауға жиналды. Темкең болса, «Дәрісті қазақ тілінде оқимын» деп, Оксфордты аяғынан тік тұрғызған. Әттең, ілеспелі аударманың мүмкіндігі болмай, физика ғылымындағы қазақша-ағылшынша тәржімәнің бір жүйеге келмеуі себеп болып, Темкең амалсыз орыс тілінде дәріс оқиды.

***

Тектілік қанында бар. Тұлпар мінез топырақтан дарыған бойына. Темірғали Көкетай – Сәкен туған топырақтың төлі. Нияз батырдың алтыншы ұрпағы. Иманақтан әлемнің алпауыт елдеріне жол шығарған Темкең 1938 жылы 25 наурызда Жаңаарқа ауданы Жеткіншек (қазіргі Сәкен ауылы) ауылында дүниеге келді. Алдында туған балалары шетіней берген Әбілда ақсақал Ұлыстың ұлы күнімен жапсарлас дүние есігін ашқан ұлына Темірғали деп ныспы беріп, ауыл болып қуанады. Ағайын болып осы баланың тілеуін тілеп, ауыл болып алқанға салады. Бірақ, ол кезде ешкім «Ғасыр ғұламасын» әлпештеп жүргендерін білген жоқ.

Темкең мектепке барар жылы әкесі жұмыс бабымен «Қызылағаш» бөлімшесіне қоныс аударады. Бөлімше деген аты, шынтуайтында шалғайдағы отгон. Бірақ, бұл жердің тарихы – терең. Арқа төсіндегі «Жақсылардың соңы – Телғозының Шоңы» атанған әйгілі Шоңкеңнің Қызылағашы. Осындағы бастауыш мектепте сауатын ашады. Соғыстың соңғы жылдары ғой, ел еңсесі еңкіш тартып, жүдеу тірлік жүйкені жұқартып тұрған. Оқуға ниет болғанмен, оқытуға жағдай жоқ. Бастауыштың төрт класында 8-ақ бала оқиды. Әйтеуір, қара танып шықты. 1951 жылы Алматыда тұратын ағасы келген. Әбілда ақсақалдың «өлгенде көрген» Темірғалиының тағдыры әңгіме болса керек, Алматыға алып кететін болып шешім қабылданыпты. Сөйтіп, 1951-1952 оқу жылында Алматыдағы №18 мектеп-интернатқа қабылданды. Жасы бойынша 5 класқа барған. Оларға ілесе алатын түрі жоқ. Тіпті, мұғалімнің «Пионерсің бе?» деген сұрағына жауап берейін десе, пионердің кім екенін білмейді. Сөйтіп, «5 класс бағдарламасын меңгере алмайды» деген желеумен мектеп әкімшілігі болашақ «Ғасыр ғұламасын» 3 класқа отырғызады. Бала кезінен мінезді еді, бұған көнбеді. Оқудан бас тартты. Мектеп басшылары ағасын шақыртқан, бұл «ауылға қайтамын, оқымаймын» деп кесіп айтты. Әбігер болған директор мен ағасы ақыры Темірғалиды 5 класс емес, 4 класс партасына отырғызу туралы ұйғарым жасады. Намысқа тырысты. 4 класс бағдарламасына ілесіп кетті. Екі тоқсаннан кейін бәрінен озды да. Кейін №12 мектеп-интернатқа ауысып, 1957 жылы бітіріп шықты.

Сол жылы Мәскеу мемлекеттік университетіне (МГУ) барған. Барлық емтиханнан «5» алды. Алайда, оқуға қабылданбады. Хрущевтің «Жоғары оқу орындарына екі жылдық еңбек өтілі бар талапкерлер ғана қабылдансын» деген қаулысы жолын кесті. Ашуланды. Ректорға кірді. «Екі жыл жұмысқа жегілгенде, миымда физиканың қай формуласы қалады?» деп, МГУ-дің ректорын ықтырды. Ректор жас талапкердің білімге деген құштарлығына риза болды. Емтихан парағын сұратып алып, шекесіне «Екі жылдан соң емтихансыз қабылдансын!» деп бұрыштама соғып берді. Өзіне БАМ-дағы Бүкілодақтық комсомол құрылысына қатысуға кеңес берді. БАМ-ға жүрейін деп тұрған жерінен тағы да ағасы алып қалды. «Ауылға бар, әкеңе көмектес» деді. Амалсыз келісті. Сөйтіп, Сәкен ауылында бір жыл қой бақты, бір жыл жылқы бақты. Жылқы соңында жүргенінде кеудесіне суық тиіп, қатты ауырды. Екі жыл емделіп, МГУ-ға емтихансыз қабылдану мүмкіндігінен айырылды. Бұйырғаны – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті) болды.

Елден 13 жасында кеткен, араға 21 салып, 1972 жылы оралды. Ебіней Бөкетовтің ықпалымен.

***

Мерейтойы қарсаңында сұхбаттасуға келіскенмін. Үш жарым сағат әңгімелестік. Әлем мойындаған, қазақты әлемге танытқан ғалым ғой, тағдыры күрделі, өзі туралы айтары мол ғой деген дәмем бар еді. Өзі туралы әңгімеге жарытпады. Қазақтың болашағын айтып қамықты, Ақселеу досын айтып жабықты. Тағдыры тәлкекке түскен қазақтың тілін айтты, өзегіне құрт түскен ділі мен дінін жырлады. Физиктер мен лириктерде ұқсастық бар ма, жүрегі – жұмсақ. Ақселеу досын айтса кемсеңдеп, тілді ойласа түңіліп кетеді.

Мен – көп физиктің бірі ғанамын. Ал, Ақселеу – ұлы тұлға. Мені қайтадан қазақ қылған – Ақселеу. Әйтпесе, мен физикалық формуладан басқа ештеңені ойламаған, ойламайтын фанат едім. Менің ғұрпым да, ұлтым да физика болып кеткен екен. Ақселеу мені қазақы қалпыма ғана емес, адам қатарына алып келді, – деді де, ауыр күрсінді.

Сонда, ғылым жолындағы тағдырыңызға өкінесіз бе?

Жоқ, ғылымға арнаған ғұмырыма өкінбеймін. Бірақ, өз ұлтыма қызмет ете алмағаныма өкінемін.

Мүмкін емес! Сіз қазақты әлемге таныттыңыз. Одан артық қандай қызмет етуіңіз керек еді?

Мен физик болмай, тарихшы болғанымда, қазір сол қалпы өтірік жазылып жатқан тарихтың бұрмалануына қарсы тұрар едім. Тіліміздің осынша мүшкіл халге түсуіне жол бермейтін едім. Ұлттық құндылықтарды қызғыштай қорып, рухқа қызмет етер едім…

Әңгіменің осы тұсына келгенде, ағамның жанарына жас іркілді. Неткен шынайылық! Ұлтқа деген дәл мұндай дәрежедегі сүйіспеншілік – сирек кездесетін құбылыс. Тәнті болдым.

Қазақ – ұлы халық! Мұндай ұлы халықтың рухсыз күйге түсуін көру – қасірет. Ал, мүлде жойылып кетуі мүмкін емес!

Әңгіменің осы тұсына келгенде, ағам рухтанып, қыннан суырылған қылыштай жарқылдады. Мен болсам, «ХХ ғасырдың Ғұламасымен» емес, ХVIII ғасырдың һас батырымен кездесіп отырғандай әсерге бөлендім.

Мен әлемнің бірқатар елдерінде болдым. Әртүрлі аудиторияда дәріс оқыдым. Әр елдің салт-дәстүріне, ұлттық болмысына көңіл аударасың. Жапондардың ұлттық идеологиясын, ағылшындардың ақсүйектік болмысын көргенде, өзімнен-өзім қорланатын сәттерім көп болды. Өзінің ана тілінде білім алып, өз елінің тарихын оқыған ұлттың ғана ұрпағы шексіз бақытқа кенеледі. Осы тұрғыдан алғанда, біз дүбәра ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз ба деп қорқамын.

Әңгіменің осы тұсына келгенде, ағамның түнерген жүзінен түңілу байқалды. Мен де үрейленіп кеттім. Маған берген бір сұхбатында «Ақселеу адал досым болды. Одан айырылған күні өзімді бос кеңістікке айналғандай сезіндім. Сол 2009 жылдың қыркүйек айынан бері қаңырап қалған әлеммін», – деп еді. Осы сөзі ойыма оралуы сол екен, бойым тітіркеніп кетті. Ағамның жалғызсырап жүргенін сездім. Сол жаныма батты.

Сөйтіп, мен ұлы физикпен емес, жортуылдағы жоқшымен әңгімелесіп қайттым. Иә, Темірғали аға – нағыз жоқшы. Дүниенің боғын емес, ұлтының жоғын іздеп жүр. Сексеннің сеңгіріне дәл Темкең сияқты семсердей жарқылдап жеткен кім бар екен?!

Алла қуат берсін, Аға!

…ҚарМУ-дің физика факультеті орналасқан ғимараттан екеуміз бірге шықтық. Көлігін оталдырып, «Сұржекейіне» (75 жасқа толғанда Жаңаарқа ауданы сыйға тартқан көлігінің түсі – сұр) қамшы басты. Бас ғимараттың алдындағы бағдаршамның қызылына тоқтаған жоқ. Көлденең жолдан кедергі жоқ, өйткені. Ұлттың жоғын іздеген жоқшыларға жиі жанатын қызыл шам ғой – ол. Бәрі осылай Темкең секілді тоқтамай өтсе, шіркін…

Менің ішегім шұрқырады. Түскі астың уақыты өтіп барады екен. Бірақ, Темірғали ағамен әңгіме барысында рухани аштықты сезінгендіктен бе, сол күні тамақ іздемедім.

Жоқшы ағамның жолы болса екен!

Ерсін Мұсабеков.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button