Жоғары сұранысқа ие мемлекеттік нөмірлерді қайтадан алу жеңілдеді
Отандастарымыз басқа аймаққа көшкен жағдайда өзіндегі нөмірді ауыстырудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, біркелкі санмен жазылған қымбат нөмеріңізді жақын туыстарыңыздың атына қайта рәсімдеуге болады, деп хабарлайды Ortalyq.kz Ішкі Істер министрлігіне сілтеме жасап.
Бұдан былай бір отбасының мүшелері бір-бірінің нөмірін емін-еркін ала береді. Ол үшін өтініш жазу керек. Сондай-ақ, елімізде жеңіл көліктер мен мотоциклдерге жүргізуші куәлігін алу үшін міндетті түрде көлік мектептерінде оқу керек. А, В санатына жататын екі көлік түрі жол апатына жиі түседі. Сондықтан куәлік алмастан бұрын кешенді теориялық және тәжірибелік даярлықтан өту міндеттелген.
Көлікті тіркеу процесінде құжат рәсімдеу де жеңілдеген. Енді құжаттар мемлекеттік органдардың дерекқорынан алынады. Сондай-ақ, алаяқтықтың алдын алу үшін автокөліктерді сату-сатып алу келісімін нотариалды куәландыру керек.
– Дәл осы мақсатта көлікті бастапқы тіркеу немесе кузовты ауыстыру, қайта жабдықтау немесе оның түсін ауыстыру барысында міндетті түрде криминалистер тарапынан көліктің тексерілуі енгізілді. Жалпы 53 түзету қабылданды. Олар ағымдағы жылдың 23 сәуірінен бастап күшіне енді, – деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.