Бас тақырыпБілім

Жоғары білімнің жаңа көкжиегі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін өндірістің жаңа технологияларына бағытталуы керек екенін атап өткен. Отандық ғылымды коммерцияландыруға бағытталған жоспары аясында Ғылым және жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбек Қарағанды облысының тұрғындарымен кездес­ті. Министр жұмыс барысында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне келіп, оқу орнының жетістіктерімен, әлеуетімен танысты.

Кездесу алдында сондай-ақ, №3 оқу корпусы жанындағы дендропарк аумағын, «Akylbayev research center» ғылыми технопаркін аралады. Министр білім саласындағы атқарылған жұмыс­тар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Министр баяндамасында 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы негізгі нәтижелер мен жетістіктерге шолу жасап, аймақ тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Жиында «Ғылым» қорына тоқталған министр, ҚарУ-дың өндіріс саласында мамандар дайындауға әлеуеті жоғары екенін айтты.

– Қарағандыда үш мықты университет бар. Металлургияға қатысты, жалпы, Орталық Қазақстанға неміс елінің, Израиль елінің университеттері қызығушылық танытуда. Жоғары білімге қатысты 8 басымдықпен жұмыс­ты бастадық. Осы орайда елі­міздің бірқатар өңірлерінде жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау жүзеге асады. 2025 жылдан бастап, Қарағанды университетіне phd докторларды өндіріске даярлауға бағытталған гранттар бөлінеді, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырыстарының көлемін ұлғайту, шәкіртақыны арттыру мәселесі күн тәртібінде қозғалды. Жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы мен ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысын көтеру, ғылыми бастамаларды қолдау, ЖОО аралық стандартты және жасанды интеллект бойынша 15 білім беру бағдарламасын әзірлеу мәселелері көтерілді.

Кездесу барысында Қазақстан Рес­публикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына ерекше назар аударды. Министр білім қолжетімді, сапалы болуы керектігін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тап­сырмаларды іске асыру барысында сараланған гранттарды енгізу және білім беру несиелерін беру тәсілдері әзірленді. Сондай-ақ, сараланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру несиелері біріктірілетін «Келешек» бірыңғай білім беру жинақтау жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Министр педагог кадрларды даярлау және қайта даярлау сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары «Педагог» кәсіптік стандарты мен мектепке дейінгі және орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын ескере отырып құрас­тырылған.

Осыған байланысты 30 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді, инклюзивті педагогиканың мазмұны мен пәндерді оқыту әдістемесі жаңартылды, даярлау бағдарламаларының құрылымы қайта қаралуда, педагогтарды даярлаудың тәжірибелік бағыты күшейтілді.

– Жатақхана құрылысы мен университеттің инфрақұрылымын дамыту да күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе. «Жалпы 2021 жылдан бері Қазақстанда 27 мың орынға лайықталған 126 жатақхана ашылды. Биыл 27 жатақхана салу жоспарлануда, оның 9-ы – жайлылығы жоғары жатақхана, – деді министр.

Саясат Нұрбек бүгінде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл отандық жоғары білім беру жүйесін дамытуға, білім беру арқылы және озық халықаралық тәжірибе арқылы оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын және жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл – отандық жоғары білім беру жүйесін дамыту, білім трансферті мен үздік халықаралық тәжірибелер арқылы оның сапасын арттыру, сондай-ақ шетелдік студенттердің үлесін арттыру. Бүгінгі таңда 27 жетекші шетелдік университет Қазақстанда өз филиалдарын ашу туралы шешім қабылдады. Олардың бесеуі елде толыққанды кампустар салуды жоспарлап отыр, бұл білім беру инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болады. Халықаралық кампустары бар жоғары оқу орындарына, оның ішінде қазақстандық жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынастарына басты назар аударылды. Өңірлік қажеттілік картасы қалыптастырылды, – деп атап өтті министр.

Кездесу барысында академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарихшы-ғалым Нұрсахан Бейсенбекова сөз алып, жоғары оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілуіне қолдау танытқаны үшін министрге профессор-оқытушылар атынан алғыс білдірді.

Сондай-ақ, министр сапарында Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің жұмыс барысымен танысты. «Энергетикадағы цифрлық технологиялар», «Тау-кен ісіндегі цифрлық технологиялар», «Көліктегі цифрлық технологиялар» ғылыми-білім беру кешендерін, метан энергетикасының сынақ зертханасын аралады. Инженерлік бейіндегі сынақ зертханасына, геосканерлеу орталығына, «Нанометаллургиялық процестер» зертханасына барып, әзірлемелермен және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тардың нәтижелерімен танысты.

Бүгінгі таңда университет энергетика, құрылыс саласы мен машина жасау, өндірісті автоматтандыру және жаңа материалдар жасаудың өзекті міндеттерін шешуге бағытталған жалпы көлемі 1 млрд. 400 млн. теңгеден астам 44 ғылыми зертханалық жұмысты орындайды. Осылайша, өңірдің ғылыми әлеуетін қолдау, инновациялық технологияларды әзірлеу, өңірдің өзекті мәселелерін шешу және жергілікті ғалымдарды қолдау көзделген.

Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей аймақтағы білім саласының даму қарқыны жайлы баяндады.

Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Жиын соңында министр азаматтарды жеке қабылдады. Өңір тұрғындары ғылым мен жоғары білім, оқу ақысы, жатақханадан орын беру, жұмысқа орналасуға қатысты және басқа да сұрақтар қойды. Көтерілген мәселелер министрдің жеке бақылауына алынды. Жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button