«Жоғалып кетпей тұрғанда…»
Қарағандылық суретші Юлия Ляндаева кеншілер шаһарының тарихи орындарына авторлық экскурсияларға шақырады. Суретші әрі өлкетанушы ерекше жобаны қолға алып, оны «Пока не исчезло» деп атаған. Оның экскурсиялары Қарағандының тарихы бастау алатын Ескі қаладан, қаздрамтеатрдан, бос қалған шахталардан сыр шертеді. Себебі, оның барлығы қала тарихының ажырамас бөлшектері.
Қарағанды қаласы Ескі қала атанған 1930-1932 жылдардағы шахталар маңындағы жертөлелерден құрылған десе болады. Күн санап қала өсті, дамыды, Ескі қаланың орнына жаңарған қала бой көтере бастады. Юлия Ляндаеваның жобасы аясында Ескі қаладан қалған тарихи жәдігерлерді өз көзіңмен көруге болады. Оның айтуынша, мұндай идея Алматыда тұрған кезінде пайда болған.
– Бірнеше жыл Алматыда тұрған уақытта мен қаланың ескі ғимараттарын, ескерткіштерін, тарихи орындарын аралап, суретке түсірдім. Кейін Қарағандыға оралғанда туған қалама басқаша қарай бастадым. Көпшілік «Қарағандыда не қызық бар дейсің?» деп ойлайды. Әрине, Алматыда тарихи-архитектуралық орындар көбірек. Дегенмен, зер салып қараса, бізде де архитектура жағынан бас тарихи мұра бар. Келгеннен кейін әдеми мозайкаларды, ескі ғимараттар мен үйлерді, ойып бедерленген барельефтерді саналы түрде іздейтін болдым, – дейді ол.
Ол бізде де көретін, тамашалайтын орындар, ғасырға жуық тарихымыз бар екенін қала тұрғындары мен қонақтарына көрсетуді мақсат еткен.
Экскурсия бірнеше бағытта жүргізіледі. Ескі қаланың орны, Майқұдыққа, Михайлов аудандарына, орталық саябаққа жеке маршруттар бар. Одан бөлек, Жамбыл көшесі, Абай көшесі (бұрынғы Ленин), бұрынғы Бейбітшілік бульвары (қазіргі Назарбаев даңғылы) бойындағы үйлер мен ғимараттарға экскурсия ұйымдастырылады. Дегенмен, қаламен танысқысы келетін жан әуелі «Караганда на память» бағытын таңдауға кеңес береді. Мұнда алғашқы тарихи ғимараттар, ескерткіштер мен архитектуралық нысандар, монументтер жайлы білуге болады.
– Ал, жаңа маршруттарды ойлап табу шығармашылыққа байланысты. Бұл кезде мен де ізденіп, қала туралы көптеген жаңа деректерді білемін. Білгенімді өзгемен бөліскім келеді. Сол себепті жаңа бағыттарды қосып, экскурсия санын көбейту жоспарда бар. Былтыр алғаш рет Саран мен Теміртау қалаларына да экскурсиялар қостық, – дейді
Бір қуантатыны, қала тарихын танып, білгісі келетіндердің қатары аз емес екен. Адамдар көбінесе қандай да бір ғимараттардың салынған уақытын, Ескі қаладан сақталған орындарды білгісі келеді.
– Ел арасында Қарағандыға ҚарЛагта болғандар мен жер аударылғандар ғана келген деген пікір қалыптасқан. Бұл әсте олай емес. Халық мұнда құрылыста, шахтада жұмыс істеуге тың көтеруге өз қалауларымен келген, – дейді өлкетанушы.
Юлия Ляндаеваның айтуынша, бүгінгі Қарағандының келбеті де оның көңіліне қонымды. Тек жасыл желек көбірек болса деп тілейді.
– Менің жас кезімде бульвар бойында қызғалдақтар өсіретін. Олар гүлдеген кезде қызғалдақ алқабына айналады. Қарағандыға сондай сұлулық жетіспейді. Қарағанды мен үшін көпшілік ойлайтындай сұр қала емес, ол қою сары. Алғашқы салынған үйлердің түсіндей. Менің қалауым – қала тарихының сақталуы. Оны білетін адам көбейген сайын көмескі дүние жарқырай түседі. Сөйтіп, ғасырдан ғасырға жетеді, – дейді ол.
Уақыт – тоқтамайтын жалғыз дүние. Жер мен көк жаратылғаннан бері тарих беттерінде талай оқиға, адамзат тағдыры қалды. Оның бізге жеткені бар, жетпегені де. Тарихты бүгінге жеткізетін – естеліктер.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz