Жинақ жарық көрді
Қазақ әдебиетінің тың тарихына үлес қосар қолжазбалар Ақтоғай ауданында табылып, жинақ болып шықты. Осыдан бір ғасыр бұрын жазылған көне дүниені қадымшадан аударған – Айдаржан ХАСЕНОВ. Жаңа кітаптың тұсаукесері Ақтоғай жерінде өтіп, бір данасы аудан мұражайына тарту етілді.
Құнды деректерді осы күнге дейін Қалижан Жандығұлұлының ұрпақтары сақтап келіпті. «Аманат» атты жаңа жинаққа ХІХ-шы ғасырдың басында өмір сүрген Арқаның ақыны Нұржан Шоңұлының, Жақып Ақбаевтың адъютанты болған Қоқым Алшымбекұлының, арабша оқып, Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аударуға еңбек сіңірген Қажыбай Мәндібайұлының, діни сауатты, аймаққа танымал ақын болған Дүйсен Маңайұлының және оқымысты болған Қалижан Жандығұлұлының өлеңдері, естеліктері енген. Шығармалардан сол дәуірде қазақ қоғамында болған жағдаяттарды, діни-әлеуметтік ахуалды аңғаруға болады.
Серік САҒЫНТАЙ, «Қасым» журналының бас редакторы:
– Рухани жаңғыру үрдісіне, соның ұстанымымен қарап тұрсақ, бізге өткен ғасырдағы мұралар қайтсе керек. Өйткені, біз латын әліпбиіне көшіп жатқанда, кириллицаның өзін ысырып жатқанда, оның әр жағындағы қадым қарпі мүлдем ұмыт болып қалатыны анық қой. Оны білетін адамдар да Қазақстан бойынша саусақпен санарлық қалған. Бұның құндылығы да сонда. Екінші жағынан әдеби-хрестоматиялық жағынан ХХ-шы ғасырды, Арқа өңірін зерттеуге таптырмас құрал.
Аяулым СОВЕТ
АҚТОҒАЙ ауданы.