Бас тақырыпРуханият

«Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат»

Абайдың шығармашылығы жөнінде «Абай – қазақтың бас ақыны» деп алғаш мақала жазған Ахмет Байтұрсыновтың білімі не деген ұшан-теңіз. Бұл мақала – абайтану ғылымының басында тұр. Қайта-қайта оқысаң да, кеше ғана жазылғандай. Біз барлық ақпарат қолжетімді дәуірде өмір сүріп, ұлыларымыз туралы жөні түзу бір тұшымды сөз айта алдық па?!
25 шумақтан тұратын осы жыр хақында филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің «Абай әлемі» сайтына шыққан «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» тақырыбындағы талдау мақаласын кездестірдік. Онда:
«1886 жылы жазылған «Жiгiттер, ойын – арзан, күлкi – қымбат» дейтiн жыр-толғауы жанды сыр-cұхбат, әңгiме айту, ақыл қосу, жас берендердiң ой-cанасын, көңiл сарайын күмбiрлетiп, оятып-серпiлту үлгiсiнде өзiнiң мол тәжiрибесiмен ортақтасу, бөлiсу тұрғысынан жазылғандай. Шығыс өркениетi мен Ұлы дала мәдениетi тарихында жақсылардың мәслихаты – cұхбат, әңгiмелесу түрiнде ұйымдастырылған. «Жақсы адаммен бiрге болып сұхбаттасу жұпардай әсер қалдырады (өзiң де сондай боласың)», деген Мұхаммед (с.ғ.c.) өз хадистерiнде. Я болмаса Алла мен оның Елшici 90 мың тақырып бойынша (шариғат – 30 мың, тариқат – 30 мың, хақиқат – 30 мың) cұхбаттасқан. Сұхбат құру, мәжiлiс жасау – ұлттың интеллектуалдық әлеуетiн жақсартады. Ертеде шахтар қабылдау (меджлис) жасап, өлең оқып, музыка тыңдайды екен», – дейді ғалым.

Бұл үзіндіден аталған өлеңнің жазылған уақыты мен өлеңнің түрі және адамға әсерін ұққандай боламыз. Мақалада ғалым ақынның бұл өлеңін Ж.Баласағұнның өлең жолдарымен салыстыра отырып, өз пайымын айтады.

Ал, біз абайтанушы болмағандықтан, хакім шығармаларын зерттеп жүрген ғалым Омар Жәлелге жүгінгенді дұрыс көрдік. Ол журналистерге берген бір сұхбатында:

«Қарағанды Мемлекеттік университетінің 2 кур- сында оқып жүргенімде Абайдың «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» деген өлеңі менің Абай- дың тұңғиық әлеміне келуіме сеп болды. Өлеңнің ұнағаны сонша, жаттап алдым. Осыдан кейін ұлы ақынға деген махаббатым басталды. Бір ғана өлең менің өміріме ерекше әсер етіп, Абайша «Жігіт қандай болу керек?» дегенге жауап кездестірдім. Бала кезден даналыққа құштар болдым. Абайдан сол даналықтың бұлағын таптым. Кейіннен философиямен айналысқанда тақырыпқа Абайды таңдадым. Бүкіл алған философиялық білімімді Абайдың терең сырлы сөздерін түсінуге бағыттадым» деп толғанады.

Омар Жәлел ағамыз Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін зерделеп, талдап, мақалалар жазып жүрген сұңғыла ғалым. Біз нысанаға алған өлең жөнінде бұлай тегін айтпасы анық. Себебін, сол 25 шумақтан тұратын туындының өзінен іздеп көрелік. Өйткені, хакімнің тұтас шығармашылығы туралы көсемсігеннен гөрі бір өлеңі төңірегінде сөз қаузаған абзал. Толық тоқталмай кейбір жолдарына ғана үңілейік.

«Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат» деген
алғашқы шумағының өзі есеңгіретіп тастайды.

Иә, шындығында «ойын – арзан, күлкі – қым- бат». Себебі, өмір – адамға бір-ақ берілетін Алланың нығметі. Өмірге адам болып келген соң мағыналы өмір сүріп, өмірден өкінбей өту – парыз. Ал, жастық шақ – алтынға айырбастамас қымбат кезең. Егер сол қымбат шақты арзан ойынмен, бос күлкімен босқа өткізсек, шынымен, күлкіміздің қымбатқа түскені. Яғни, жастық шақта жалындап, білім қумай, мал таппай, елге пайда тигізбей ойын-күлкімен өткізсек, қартайғанда өкінеміз, өмірден сол өкінішпен өтеміз. Бұл – бір жолы туралы ұққанымыз. Сыр мен сымбат түсінікті. Бұл қазір де күйіп тұр. Сыртқы сымбатқа көп үңіліп, ішкі сырды, жан-дүниені ұмыт қалдырдық. Ал, сол жастық шақта арзан күлкіге ермей, орнын тауып, шын күлерлік ерлер де бар. Солармен сұхбаттас дегенді меңзейді ақын. Яғни, достыққа жарамды, дені түзу жолдас тап деп тұр.

«Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе» деп сол жастық шақтағы сөзге беріктік, антқа адалдықты меңзейді.

«Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық» деп барлық ізгі қасиеттің талаптанудан басталатынын айтады.

«Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес» деп ғайбат айтудың да ер жігітке жараспайтынын дәл атап көрсеткен. Омар Жәлел ағамыздың неліктен бұл өлеңді түгел жаттап алып, өміріне азық еткенін аңғара бастағандаймыз. Шариғатта да біреудің сыртынан ғайбат айтудың үлкен күнә екені аталған. Сізге өзгені жамандаған адам, сізді де өзгеге жамандайтынын ұмытпағайсыз.

«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма» деген екі шумақта жар таңдаудың тұтас қағидатын атап көрсетеді. «Байдың немесе кедейдің қызы» деп емес, «ары, ақылы, ұяты бар сұлуды іздеп тап» деп отыр. Ақыл деген сөздің өзіне кейде атүсті қараймыз. «Өлімнен ұят күшті» деп қазақ бекер айтпаса керек.

«Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі,
Абыройлы қалжыңмен келсін сөзі.
Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда, Қатыныңда болмасын оның көзі.
Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, 
Өзі зордың болады иығы да зор» деген қос шумағында дос, құрбы таңдаудың жолын нұсқайды. Абай хакім осының бәрін 2 ғасыр бұрын айтып отыр. Кейде үлкендер «балаңның жақсы ортасы болғанын қаласаң, өзіңе адал дос тап» деп жатады. Сонда, досың сенімді болса, баласы да ұятты, арлы болады дегені ғой.

Байқасақ, «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қым- бат» деген бір өлеңнің өзінде ер жігіттің қалай өмір сүруі, жастық шақтағы әр қадамды қалай басу керектігі тұнып тұр. Біз бұл мақалада 25 шумақтың бірнеше жолына ғана тоқталдық. Оның өзінде өз шамамыз жеткен тұсына ғана. Бір өлеңінде осындай өмірлік қағидаттарды атап тұрып көрсеткен кемеңгер ақынның тұтас шығармашылығының қаншалықты терең екенін осыдан-ақ біле беріңіз.

Аз да болса, хакім әлеміне бойлауға тырыстық. Шынымен, «Ойын – арзан, күлкі – қымбат» екен!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button