«Жігітте де жігіт бар…»
Осы айтылғандай, Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ақтас кентінің Мәдени-сауық орталығында «Жігіт сұлтаны-2024» байқауы өтті. Оған құрамында күрестен спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амангелді Мұсабеков, Саран қалалық мәслихатының депутаты, кенттегі аналар комитетінің төрағасы Гүлнұр Құлқаева, №2 отбасылық әдеби кітапхананың директоры Елена Свиридова әділ қазылық етіп, қатысушыларды 5-10 балдық жүйемен бағалады.
Бұл күнгі сайысқа әуелде тіркелген жеті жігіттің төртеуі бастан аяқ қатысып, төрт кезеңде өзара жарысқа түсті. Яғни, бірінші өздерін таныстырып, одан соң өнерлерін ортаға салды. Үшінші айналымда салт-дәстүр туралы білімдерін таластырып, ең аяғында қол күресі мен кір тасын көтеруден тайталас бәсекелесті.
Көпшілік алдында осылайша бақ сынасқан берендер жеңіске жетуге бар күшін салып, нәтижесінде «Жігіт сұлтаны-2024» атағын Ақтас кентінің денешынықтыру пәні мұғалімі Асқан Елдос жеңіп алды. Жеңімпазға жол сөмкесі мен қамшы сыйланды. Ал, ІІ орынды – Бауыртай Ерболат, ІІІ орынды – Данил Доценко иеленді. Оларға жорық шатыры мен қамшы сыйға берілді.
Ақтаста аса қызықты өткен сайыс арасында жергілікті өнерпаздар Жаннұр Рүстемқызы «Балбырауын» күйін, Ульяна Никольская – «Мой Казахстан», Ұлту Қаштаева – «Толғау» әнін орындап, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ержан ИМАШ,
Ақтас кенті.
Ortalyq.kz