Ресми

Жігерлі жастарды қолдау керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзін мұқият тыңдадым. Мәдениетті қолдау жөніндегі сөздері көңілге қонады.

«Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші роль атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Шын мәнінде, Жаңа Қазақстанды жаңаша дамыту үшін осындай тұжырымдамалар керек-ақ. Ашығын айтқанда, мәдениет саласына ауқымды жаңа реформа керек. Көшеде айтылатын өлеңдер қазір сахнаның төріне шығып кетті. Көркем өнерпаздар қоятын, күлдіргі дүниелер де сахнада жүр. Осыны қатты қадағалап, жол бермеу керек. Бұл өнердің салмағын төмендетіп жібереді.

Жаңа Қазақстанды дамытатын жаңаша ойлайтын азаматтарды қанаттандыратын психологиялық тұрғыдан ой салатын, ойландыратын пьесалар керек. Көптеген жас режиссерлер драматургияға жол тапты. М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, Ш.Мұртазаның, М.Мағауиннің шағын әңгімелерінің өзін сахнаға ауқымды қойылым етіп, алып шығып жатыр. Бұл – өте құптарлық дүние. «Драмалық шығарма жоқ» деп жылай бермей, жоқтан бар жасайтын жастарға қолдау көрсету керек.

Жуырда Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры Айдын Салбанның режиссерлігімен О.Бөкейдің «Атаукере» туындысынан тамаша қойылым жасап шықты. Осындай талантты жастарды қолдаған абзал.

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button