Жігерін рухқа жаныған
Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға баса көңіл бөлінуде. Оған – өңірде жыл басынан бері өтіп келе жатқан түрлі бұқаралық спорттық шаралары дәлел. Күні кеше Қарағандыда үстел теннисінен тірек-қозғалыс аппараты бұзылған спортшылар арасында республикалық «Karaganda open» турнирі басталды. Үш күнге жоспарланған бәсекеге елдің түпкір-түпкірінен 92 спортшы қатысуда. Ал, турнирдің ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, жылы лебізін білдірді.
Бұл турнир алғаш рет 2011 жылы «Саялы» сауықтыру кешенінде қалалық деңгейде өткізілген. Содан бері дәстүрден жаңылмай келеді. Одан бөлек, демеушілердің де қатары артқан. Биыл сол демеушілердің арқасында жарыстың жүлде қоры 4 млн теңгеге жетті. Әрі үздік шыққан екі спортшыға германиялық үлгідегі арбаны сыйға тартпақ. Ал, турнир халықаралық федерацияның ережесіне сәйкес өтеді. Қатысушылар жекелей, жұптық және абсолюттік санатта бақ сынайды.
– Жарысқа қатысушыларды арнайы құрылған комиссия мүшелері тексеріп, санаттарын анықтайды. Әуелі жекелей сайыс өтеді. Қатысушылар өз санаты бойынша өнер көрсетеді. Екінші күні жұптық сайысқа тіркеу жүргізіледі. Ал, абсолюттік сынға бәрі қатыса алады. Барлық қатысушыларды жеребе арқылы жұптастырамыз. Содан кейін қарсыластары анықталады. Ерлер мен әйелдер бөлек ойнайды. Әрі әр аталым бойынша жеңімпаздар жеке-жеке марапатталады, – деді Паратеннис федерациясының Қарағанды облысы бойынша вице-президенті Дархан Тілемісов.
Жалпы, паратеннис адам денесінің зақымдануына байланысты 10 класқа бөлінеді. Алғашқы бес санаттың қатысушылары өздігінен жүре алатын спортшылар. Ал, бел омыртқасы зақымданған немесе ДЦП диагнозы бар қатысушылар 6-7 санатқа топтастырылыпты. Арбадағы спортшылар 8-10 кластың қатарына енген.
Астанадан келген Балзия Таш 2015 жылдан бері осы спорт түрімен шұғылданып келеді. Бүгінде Ұлттық құрама сапындағы спортшы. Әрі әлемдік рейтингте 26 орында тұр. Бұған дейін бірнеше әлемдік, Халықаралық турнирлерге қатысып, ел қоржынына жүлде салған. Турнирде жекелей сында өнер көрсетуде.
– Теннис – менің өмірім! Қандай жағдай болмасын спорттан қол үзгенім жоқ. Талай жарысқа қатыссам да, І орын алмаппын. Ал, Қарағандыға бірінші мәрте келуім. Тыңғылықты дайындықпен келдім. Осы турнирден І орын аламын деген үмітім бар. Содан кейін айдың соңында Черногорияда өтетін әлем чемпионатына дайындаламын, – деді ол.
Абай қаласынан келген қатысушы Хамит Достахиннің бұл турнирге бірінші мәрте қатысуы емес. Былтыр өз санатында бақ сынап, ІІ орын иеленген. Спортта жүргеніне алты жылдан енді асса да Орал, Ақтөбе қаласында өткен республикалық турнирлерден жүлде алған. Одан бөлек, «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын екі мәрте қорғап та үлгеріпті.
– Осы турнирде бұған дейін ойнаған қарсыластарым жүр. Өз санатымда қарсыластарым осал емес. Орал қаласындағы турнирде шығыс қазақстандық спортшыдан айламды асыра алмағанмын. Енді осы жолы есе жібермеймін. Алда Астанада өтетін спартакиада бар, – дейді спортшы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО