Жаңалықтар

«Жігер толы жүректерде рух…»

Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өтті. Ерлік пен отансүйгіштікті дәріптеген бұл ауқымды іс-шараға еліміздің түпкір-түпкірінен келген 300-ден астам жас, олардың қатарында «Жас сарбаз» ұйымының тәрбиеленушілері, «Әлияшылар» қозғалысының мүшелері, әскери дайындық пәнінің оқытушылары, сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінен келген 100 жоғары сынып оқушысы қатысты. Әскери-патриоттық ойындардың ашылу салтанатына Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Парламент депутаттары, Қорғаныс министрлігі мен «Астана» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, қарулы күштер ардагерлері, қоғам өкілдері және өзге де азаматтар қатысты.

Өз сөзінде Ерлан Қошанов 2022 жылы «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXII Съезінде «Жастар Рухы» жастар қанатының «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарын тұрақты түрде өткізу жөніндегі бастамасын алғашқылардың бірі болып көтергенін еске салды. Бұл маңызды ұсыныс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауына ие болғанын атап өтті. Содан бері «Qaisar» жобасы жыл сайын жүйелі түрде өткізіліп келеді. Уақыт өте келе, бұл бастама қарапайым әскери-спорттық сайыстан өсіп, жас ұрпаққа патриотизм, жауапкершілік, тәртіп пен ерлік ұғымдарын сіңіретін маңызды тәрбие алаңына айналды. Осы уақыт аралығында жобаға еліміздің түпкір-түпкірінен 5 мыңға жуық ұл мен қыз қатысқан.

– Президент айтқандай, біз ұрпағымызға дамыған әрі мықты мемлекет қалдыруымыз керек. Ол үшін жастарды дұрыс тәрбиелеу қажет. Бұл істе әскер ерекше рөл атқарады. Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері тек әскери дайындықпен шектелмейді. Кез келген төтенше жағдай мен табиғи апат орын алса, әскеріміз бірінші болып көмек қолын созады. Бұл – Отан алдындағы парыз бен халық алдындағы жауапкершіліктің шынайы көрінісі. Сіздердің бойларыңызда да осындай қайсар рух пен отаншылдықтың бар екеніне кәміл сенемін! – деді ол.

Партия төрағасы Ерлан Қошанов биылғы «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының мәні ерекше екенін атап өтті. Аталған шараның Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өтуі – терең тарихи және тәрбиелік маңызға ие. Оның айтуынша, бұл – тек патриоттық ойын емес, сонымен қатар, өткенге тағзым, бүгінгі бейбіт күннің бағасын ұғыну және болашақ ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілікке баулу ісінің көрінісі.

– Сұрапыл соғыс жылдары Қазақстаннан 1,7 миллионнан астам азамат майданға аттанды. Бұл – сол кездегі республика халқының әр төртінші тұрғыны. Олардың жартысына жуығы туған жерге оралған жоқ. Жанқиярлықпен шайқасқан боздақтардың ерлігі мен қайсарлығы – ұлт жады мен ел тарихының мәңгілік үлгісі, – деді Ерлан Жақанұлы.

Осы мерейтой аясында елордада бұрын-соңды болмаған ауқымды әскери шеру өтеді деп жоспарлануда. Бұл шарада Қазақстан армиясының қазіргі қуаты мен кәсібилігі, ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен әскери рухтың үзілмеген желісі айқын көрініс табатын болады. Бұл – бейбіт күннің бағасын түсінетін әрбір азамат үшін үлкен тарихи сәт болмақ.

Жалпы, «Qaisar» ойындары жас патриоттарды тәрбиелеу ісінің маңызды бөлігіне айналды. Мұнда ел жастары қару-жарақты дұрыс қолдана білуді үйреніп, күш-қуаты мен төзімін шыңдап қана қоймай, командалық рух қалыптастыруға және әркез ел мүддесін қорғауға дайын болуға дағдыланады. Осындай қасиеттер әр адамға керек. Тіпті, кез келген салада қажет. Олар адам мінезін шыңдап, алға қойған мақсатқа жетуге және жауапкершілікті сезінуге үйретеді.

Ерлан Қошанов мемлекет саясатына сәйкес, әскери қызметшілерді қолдау және әскери қызметтің беделін арттыру мәселесіне ерекше мән берілетінін атап өтті. Бүгінде Қазақстан армиясы жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп, оның әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Мемлекет тарапынан әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсету шаралары үнемі күшейтілуде. Соның бірі – әскерде азаматтық борышты өтегеннен кейін тегін жоғары білім алу мүмкіндігі. Қазірдің өзінде 4500-ден астам жас азамат осы мүмкіндікті пайдаланып үлгерді.

Әскери-патриоттық тәрбиені жүйелі дамыту – партияның басты басымдықтарының бірі. Осы орайда «AMANAT» партиясының бастамасымен арнайы заң жобасы әзірленген. Бұл құжат жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің бірыңғай әрі тиімді жүйесін қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстарға барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарды жұмылдырып, кешенді тәсіл енгізу жоспарланған.

Болашақта әскери-патриоттық үйірмелер мен клубтардың түлектері үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылып отыр. Атап айтқанда, олар әскери жоғары оқу орындарына түсу кезінде және келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасу барысында басымдыққа ие болады. Сондай-ақ, әскер қатарына шақырылған жастарға да қолдау көрсетілмек – олардың жұмыс орны сақталып, кейбір жағдайда оқу ақысы мемлекет тарапынан өтелуі мүмкін.

Сондай-ақ, заң жобасына бастауыш әскери дайындық пәні мұғалімдерінің киім кию тәртібі туралы норма да енгізілді. Бұл бастаманы кезінде «Мұғалім Talks» платформасы аясында петропавлдық бастауыш әскери дайындық пәнінің мұғалімі Дархан Қоспанов көтерген болатын. «AMANAT» партиясының депутаттары бұл ұсынысты қолдады.

Ойындар екі күнге жалғасты. Жастар оқ ату, әскери эстафета, автоматты шашып-жинау, зияткерлік сайыстар мен тактикалық тапсырмалар арқылы білімін, күш-жігерін, төзімділігін және жеңіске деген талпынысын танытты. Биыл дәстүр мен заманауи технологияны ұштастыруға ерекше назар аударылды. Бағдарламаға алғаш рет ұлттық спорт түрлері мен цифрлық пәндер енгізілді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер «AMANAT» партиясының ресми сайтынан

Басқа материалдар

Back to top button