“Жібек жолындағы сұхбат” – байырғы Балқаш бойында
Қазақстан халқы Ассамблеясының 2007 жылдан бері үзбей өткізіліп келе жатқан «Жібек жолындағы сұхбат» халықаралық мәдениеттану жобасын жүзеге асырушы топ биыл керуен басын байырғы Балқаштың бойына бұрды. Әуелде Орта Азия аймағындағы ел мен халық арасындағы байланысты жан-жақты нығайтуға, өзара мәдени байланысты өркендету арқылы ортақ тарихи құндылықты сақтауға ықпал етуді алдына мақсат етіп қойған жобаның ауқымы артып отырғанын айта кеткен абзал. Жобаның идеялық жағынан дем берушісі, асылдың сынығы, тектінің тұяғы Мұрат Әуезов бастаған елуден астам қонақ — Қазақстаннан ғана емес, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қытай мен Ресейден келген философ, мәдениеттанушы, саясаттанушы мен қоғам қайраткері «Бектауата» шатқалынан мәңгілік мекен тапқан қазақтың халық ақыны Шашубай Қошқарбайұлының кесенесіне гүл шоғын қойып, аруағына құран бағыштады. Сәрсенбінің сәтінде басталған игі шара екі күн шаһарды шырайландырып, мәдени өміріне бедерлі белгі қалдырды.
ЭТНОАУЫЛДАҒЫ ЕРУЛІК
«Ұлы Дала Елінің қасиетті мұрасы» атты республикалық тарихи-экологиялық акция аясындағы іс-шара «Ұлы Дала өркениеті» этноауылында жалғасты.
Қонақтарды ұлттық киім киген күтушілер құшақ жая қарсы алды. Ақын арнауын аяқтағанда ақ кимешекті әжелер шашу шашып, шолпысы сыңғырлаған қыз-келіншектер қымыз бен бауырсақ ұсынды, қонақтарға қошаметпен қызмет көрсетті.
Арқа-жарқа болған жұртшылық «Абай» операсынан үзінді тамашалады. Этноауылдың аспанын кернеп, шатқалды жаңғырықтырып Шашубайдың «Ақ қайыңы» шырқалды. Мың бұралған бишілер тобы бірінен соң бірі шығып, «Ұлы Дала рухы» компазициясын көрсетті.
Алқақотан тігілген ақшаңқан киіз үйдің арасы «Көненің көзі» атты көрмеге айналды. Оған жергілікті қолөнершілер жасаған бұйым мен сәндік-қолданбалы туынды қойылды. Қазақтың «Бес қаруы» мен «Жеті қазынасы», құсбегілік өнер таныстырылды.
Ұлттық нақыштағы тұрмыстық тірлік көрсетілді: бидай қуырылды, күбі пісілді, диірмен тартылды, бауырсақ пісірілді, жүн түтілді, ұршық иірілді. Садақ ату, қазақ күресі, арқан тартыс, асық ату да көпшілік көңілінен шықты. Тіпті, Алматы облысынан сұңқар салатын Руслан Абыл шақырылды.
Жергілікті жұртшылық «Қыспақ тас» атап кеткен тау шытырманы да қонақтардың есінде ұзақ сақталары анық. Екі шатқал арасындағы тар жолмен жүріп өтуге санаулы ғана жастың жүрегі дауалады.
«…Мыңнан — тұлпар»
Халықаралық форум кезінде «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының өткен жылғы бірнеше жеңімпазы Балқашта болды. Қазақстан халқы ассамблеясының «Жастардың алтын бесігі» акциясы аясында қала жастарымен кездесіп, ашық әңгіме-дүкен құрды. Өзі еңбек ететін салада үздік көрсеткішке жеткен олар табысқа жету сырымен бөлісті.
Ел мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Жан шуақ» сыйлығына ие болған Астана қаласындағы Мемлекеттік Академиялық филармония солисі Саида Қалықова, “NOMAD MMA” аралас жекпе-жегінің әлемдегі он екі ел мойындаған ұлттық үлгісін қалыптастырушы, бапкер Сергей Ан, «Қазақстанның жыл мұғалімі» республикалық байқауының жүлдегері, «Жылдың қашықтықтан оқытатын мұғалімі» бүкілресейлік байқауының лауреаты Александр Кинцель, сондай-ақ, докторант және аудармашы Қуаныш Жұмабеков пен оның інісі, ақын, «Серпер» сыйлығының иегері Ержан Жұмабек айтқан әңгіме студент-оқушыларға әдемі әсер қалдырды. Олар қойған сауалына жан-жақты жауап алды.
Жүйрік «жүздіктің» қатарындағы әр сала маманының салиқалы сыр-сұхбатын сүйсіне тыңдаған жалынды жастардың арасында келешекте «тұлпар» атанатын тума талант отырмасына кім кепіл?! Лайым солай болсын!
«Рухани жаңғыру»
М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайында ашылған жастардың мәдени-танымдық орталығы осылай аталады. Оның тұсауын кесу құрметіне Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары-Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко ие болды. Мұнда бас қосқан қаланың белсенді жастары өз идеясы мен жобасын ортаға салып, талқылайтын болады. Сондай-ақ, онда тренинг пен зияткерлік ойынын өткізуге де мүмкіндік бар. Орталық төрт сектордан тұрады: орталық қызметкерлеріне арналған жеке аймақ, конференц-аймақ, шешендік өнер бөлмесі және демалыс бөлмесі. Соңғысы асханамен жабдықталған.
Жастардың мәдени-танымдық орталығына жәй демалуға немесе газет-журнал мен кітап оқуға келем десең де, ерік өзіңде. Кітапхана қызметі дайын. Тіпті, қазақ және орыс жазушысының қырықтан астам классикалық және заманауи шығармасын электрондық нұсқадан оқуға болады. Салтанатқа қатысушылар «Балқаш жағалауында бой көтерген қала» брейнринг командалық ойынын тамашалады.
Керемет кездесу, қызықты кеш
Жазушы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің қаладағы зиялы қауым және жастар өкілдерімен шығармашылық кездесуі шын мәніндегі керемет оқиға болды.
Оны орнынан тік тұрып қарсы алған зал толы жұртшылық анда-санда ду қол соғып, сәті түскенде сауал тастағаны болмаса, үш сағат бойы ардақты ұлдың айтқанын тапжылмай отырып тыңдады. Қазір қоғамда «Мұрат Әуезов» десе — әкесі, ал «Мұхтар Әуезов» десе «Абай жолы» эпопеясы көз алдыңа келетіндей қисын қалыптасып қалғанына куә болдық.
Көтерілген әр тақырып жеке-жеке мақалаға желі болатындай салмақты шықты. Жекебастың жалқы жағдайы қоғамның жалпы заманауи тынысымен тамырласып жатты. «Абай оқуы» қалалық байқауының бірнеше жеңімпазы абыз Абай өлеңін үш тілде мәнерлеп оқып, кездесу мазмұнын байыта түсті.
Керемет кездесу жарты сағаттан кейін қызықты кешке ұласты. Қала жастарының «Балқаш күзі» атты І шығармашылық фестивалінде ұлттық мәдени бірлестік өкілдері қонақтармен қазақ және ана тілінде сәлемдесіп, өз өнерін көрсетті.
Жергілікті бау-бақша өсірушілер өнімінен ұйымдастырылған «Балқаш күзінің сыйы» Оны орнынан тік тұрып қарсы алған зал толы жұртшылық анда-санда ду қол соғып, сәті түскенде сауал тастағаны болмаса, үш сағат бойы ардақты ұлдың айтқанын тапжылмай отырып тыңдады. Қазір қоғамда «Мұрат Әуезов» десе — әкесі, ал «Мұхтар Әуезов» десе «Абай жолы» эпопеясы көз алдыңа келетіндей қисын қалыптасып қалғанына куә болдық. Көтерілген әр тақырып жеке-жеке мақалаға желі болатындай салмақты шықты. Жекебастың жалқы жағдайы қоғамның жалпы заманауи тынысымен тамырласып жатты. «Абай оқуы» қалалық байқауының бірнеше жеңімпазы абыз Абай өлеңін үш тілде мәнерлеп оқып, кездесу мазмұнын байыта түсті. Керемет кездесу жарты сағаттан кейін және «Қасиетті Балқаш жеріндегі алтын күз» көрмесі мен қарбыздың небір түрі ұсынылған «Тоқырауын сыйы» фестивалі концерттік бағдарламамен аяқталды.
«Бейбарыс» мейрамханасында облыс әкімі Ерлан Қошановтың атынан қонақтарға мерекелік қонақасы берілді.
«Тарих және қазіргі заман»
«Жібек жолындағы сұхбат» жобасының он жылдық тарихына арналған деректі фильмді тамашалағаннан кейін алқалы басқосуға жиналған жамиғат жоғарыдағы тақырып төңірегінде талқылауға кірісіп кетті.
Жалпы жоба қолға алынғаннан бері талай кесек тақырып талқылауға тамызық болғанын айтқан абзал. Алғашқы үш семинар Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынасты үйлестіруге, екеуі тарихы мен руханияты жақындығы негізінде Орта Азия халықтарының аймақтық өзін-өзі тануын ұғынуға арналды.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени байланысты нығайту, Орталық Азия аймағындағы бірігу үдерісі, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы, Орта Азия елдері халқының арасындағы ынтымақ пен келісім, жобаның бітімгерлік бағытын бағалау және соған сәйкес тәжірибелік ұсыным жасау, талқыланған тақырыптың бір парасы осындай.
Әдетте мұндай шара ашық әңгіме, өзара түсіністікке ұмтылыс, жан-жақты пікір алмасу, негізгі мәселені талдау мен оны шешудің жолын бірлесіп іздестіру түрінде өтеді. Ешкім өзінің жеке көзқарасын басқаға мойындатуға ұмтылмайды. Балқашта да сол дағды берік сақталды.
Конференцияға қатысқан сарапшы, философ, саясаттанушы, мәдениеттанушы, ғылым мен мәдениет қайраткері, тағы басқа мамандық иесінің көзқарасы «Ұлы Жібек жолы — өткенді, бүгін мен болашақты байланыстыратын жол» деген ортақ пікірмен тоғысып жатты.
Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»