ЖИ медицинаға дем берді
Жасанды интеллект бүгінде адам өмірінің барлық саласына дендеп еніп келеді. Медицинада оның мүмкіндігі нақты нәтижелермен дәлелденуде. Өңірде ұрықтың сирек кездесетін туа біткен ақауы – spina bifida-ны ерте анықтауға бағытталған пилоттық жоба іске қосылмақ. Жоба аясында ультрадыбыстық зерттеу суреттерін талдайтын жасанды интеллект жүйесі дәрігерлерге қосымша көмекші құрал ретінде қолданылады.

Пилоттық бастама «Yandex Qazaqstan» компаниясы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірлесуі арқылы жүзеге аспақ. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен қолға алынған.
Жүйе «Yandex Cloud» платформасының инфрақұрылымына және «Қоғам үшін технологиялар» орталығының сараптамасына сүйене отырып әзірленген. Нейрожелі жүкті әйелдердің 11-14 апталар аралығындағы алғашқы скрининг кезінде алынған УДЗ суреттерін талдайды.
Маңыздысы сол, қосымша медициналық жабдық талап етпейді. Емханаларға тек бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылады. Жүйе суреттерді өңдейді, ал, науқастардың жеке деректері қолданылмайды. Деректерді сақтау мен өңдеу, сондай-ақ, модельдерді оқыту бұлтты технологиялар арқылы жүргізіледі.
– Біздің медициналық ұйымдарда цифрлық инфрақұрылым жүйелі түрде жаңартылып келеді. Қарағанды облысы денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша алдыңғы қатарда. Бұған дейін өңірде Damumed медициналық ақпараттық жүйесі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясындағы жобалар табысты іске асырылғаны көпшілікке мәлім. Скринингтік зерттеулер толықтай цифрлық форматта жүргізіледі, бұл жасанды интеллектіні енгізуге мүмкіндік береді. Пилоттық жоба ең алдымен, диагностиканың сапасын арттыруға бағытталған. Ерте кезеңде патологияны анықтау ана мен бала денсаулығын сақтауда шешуші рөл атқарады. Сондықтан, біз бұл бастаманы өңірлік медицина үшін маңызды қадам деп есептейміз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы Ана және бала бөлімінің басшысы Аслан Теміров.
Пилоттық кезең Қарағанды қаласындағы №3 емханадан басталады. Бір апта бойы компания мамандары дәрігерлерге арнайы оқыту жүргізеді. Кейін жүйе кезең-кезеңімен облыстың барлық скринингтік УДЗ жасайтын емханаларына енгізіледі.
– Нейрожелі дәрігердің орнын баспайды, ол тек көмекші құрал ретінде жұмыс істейтінін ескерсек, соңғы шешімді әрдайым дәрігердің өзі қабылдайтынын әсте естен шығармау керек. Жасанды интеллект УДЗ суреттерін мұқият қарап, адам көзі аңдамай қалған ұсақ өзгерістерге назар аударуға жәрдемдеседі. Бұл ерте кезеңде күмәнді белгілерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – мамандардың жұмысын жеңілдетіп, диагноз қою дәлдігін арттыру, – деді «Yandex Qazaqstan» технологиялар орталығының басшысы Анна Лемякина.
Spina bifida – ұрықта омыртқа мен жұлынның толық қалыптаспауымен сипатталатын туа біткен ақау. Ол шамамен жаңа туған нәрестенің мыңнан біреуінде кездеседі. Ауру асқынса параличке, ішкі ағзалар қызметінің бұзылуына алып келуі мүмкін.
Ерте диагностика жүктіліктің 26-шы аптасына дейін жатырішілік хирургиялық араласу жасауға мүмкіндік береді және баланың өмір сапасын айтарлықтай жақсартады.
Жобаны іске асыру идеясы «Спина бифида» қоры тарапынан көтерілген. Сондай-ақ, технологияны апробациялау үдерісіне В.Кулаков атындағы Ұлттық акушерлік, гинекологиялық және перинатологиялық ғылыми-зерттеу орталығы сарапшылары қатысқан.
Алдағы уақытта аймақта бастау алған пилоттық бағдарламаның нәтижелері талданып, тиімділігі дәлелденген жағдайда жоба еліміздің өзге өңірлеріне де өрістеуі мүмкін.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



