Бас тақырыпБілім

ЖИ дәуіріне дайынбыз ба?

Жасанды интеллект адамзаттың келешегімен тікелей байланысты. Әлемді алға сүйреп келе жатқан күш жасанды интеллектке ілеспеу қай мемлекетке де сын болар еді.
Бұл тұста Қазақстан үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналуды мақсат етті. Оның бірден-бір жолы ЖИ-ді енгізу болса, оның тиімділігі әр салада көріне бастады. Алайда, білім беру саласына келгенде кешеуілдегенін аңғарғандаймыз. Оған себеп – «ЖИ шынайы білімнің, мұғалімнің орнын басып кетпей ме?» деген қауіп. Жауапты органдар да мектептерге түбегейлі ЖИ-ді енгізуге асығыстық танытпайтыны байқалады. Тек Астана қаласының мектептері мен еліміздегі «Келешек мектептерінде» ғана жасанды интеллект пилоттық режимде енгізілуі осыған дәлел. Өңірдегі «Келешек мектептері» жобасымен салынған санаулы оқу ошақтары ЖИ көмегімен білім беруді бастады. Сынақтан сәтті өтсе, өзге де білім ошақтарына ұсынылмақ.

Сурет өңірдегі «Келешек мектептерінен» алынды

Мектепке ЖИ-ді енгізуге асығыстық жоқ

Оқу-ағарту министрлігі ЖИ-ді енгізу туралы қолға алған қанатқақты жоба арқылы бас қаланың мектептері мен еліміздегі барлық «Келешек мектептерін» қамтып отыр. Оған 380 мыңнан астам оқушы мен 22 мыңнан аса мұғалім қатысады. Бірінші жартыжылдықта, қаңтар айына дейін белгіленген мектептерге енгізу басталады. Сынақ нәтижесі байқалса, біртіндеп, басқа да білім ошақтарында іске қосылмақ.

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтің мәлімдеуінше, мемлекеттік білім стандартына сай оқу барысына кез келген жаңа құралды енгізу оңай емес, ол үшін жан-жақты тексеру қажет. Сондықтан, сабақ үстінде пайдаланатын ЖИ әлі де пысықтауды қажет етеді, қазір ол сынақ кезеңінен өтуде. ЖИ арқылы ақпаратты балаға ыңғайлы әдіспен жеткізуге болады. Ал бұл білім сапасын арттыруға ықпал етпек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында үш жыл ішінде елімізді жаппай цифрлық мемлекетке айналдыру туралы маңызды стратегиялық міндет қойғаны белгілі. Осы орайда Мәжілісте Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында «Қазақстан Республикасында жасанды интеллектіні дамыту» тақырыбында өткен парламенттік тыңдауда ЖИ-дің білім беру саласында, әсіресе мектеп жүйесінде қолданылу мәселесі де қалыс қалмады. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, ЖИ-ді мектепте қолдануға қатысты қоғам пікірі екі ұшты.

– Бұл мәселеге қатысты қоғам екіге жарылғандай, бірі – қолдайды, енді бірі – қарсы. Жиі айтылатын сұрақ – жасанды интеллект шынайы білімнің орнын басып кетпей ме деген қауіп. Әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, пікірлер әртүрлі. Адамдардың 40,5 пайызы жасанды интеллектінің ықпалын оң бағалайды. Ал, 37 пайызы керісінше, құптамайды. Олар жасанды интеллект оқуды тым жеңілдетіп, материалды үстірт меңгеруге әкеледі деп қауіптенеді. Мұның бәрі жаңа технологияларды пайдалану кезінде дұрыс тепе-теңдікті табудың маңызы зор екенін дәлелдейді. Яғни, орынды шектеулер мен еркін қолдану арасынан алтын аралықты табу қажет. Жасанды интеллект – ешқашан мұғалімнің орнын баса алмайтынын, тек көмекші құрал екенін естен шығармауымыз керек, – деген болатын Ерлан Қошанов.

ЖИ-ді мектепке енгізуде жылдамдықтың жоқтығы, әлі де дайындық деңгейінде болуының бір себебі осыда болса керек.

Осы тұста айта кететін маңызды жайт бар. ЖИ-ді дұрыс қолданбау кімге де болсын тек зардап әкеледі. Елге танымал ІТ маманы Тимур Бектұрдың айтуынша, ЖИ катализатор рөлін атқарады. «Ол оқымайтын оқушыны одан сайын жалқау, еріншек, сауатсыз қылады. Ізденетін, қызығушылығы көп, білсем, көрсем, түсінсем дейтін оқушыны одан әрі үздік, озат, сұңғыла етеді», – дейді. Мұғалімдердің баршасы оқушылардың тоқсандық, бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын смартфоннан көшіретінін айтып жүр. Әрине, ChatGPT-ден де болуы мүмкін. Демек, бұл тұрғыда балалар үшін ЖИ-ді қолдануда ата-аналар мен ұстаздар түзу жол, сауатты сана қалыптастыруы керек.

 

Жасанды интеллект педагог үшін тиімді

Десек те, жасанды интеллект – адамзаттың келешегімен тікелей байланысты екенін мойындауымыз керек. Сондықтан, ЖИ кез келген салаға орнықты. Жаһандық прогресті өрге сүйрейтін жаңа қозғаушы күш ретінде жасанды интеллект білім беру саласына да жаңаша түр енгізуге ықпал етпек. Күні кеше Мемлекет басшысы елордада өткен «Цифрлық дәуірдегі мектеп білімі: басты трендтер мен талаптар» XIV халықаралық конференциясында осындай ойды қуаттады. Мұнда озық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу мәселесі талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, біздің елімізде ЖИ-ді дамыту және басқа салалармен жан-жақты интеграциялау ең жоғары стратегиялық басымдық саналады. Мемлекет алдымен ЖИ сарапшылары мен мамандарын даярлау ісіне айрықша көңіл бөлуде. Ол барлық мектеп пен университетке міндетті курс ретінде енгізілді. Елімізде ЖИ университетін ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өткен болатын.

Мектептерге жасанды интеллект пен технологиялық жаңалықтарды енгізуде негізгі міндет мұғалімдерге жүктеледі.. Осы орайда өңірдегі «Келешек мектептері» саналатын санаулы білім ошақтарының педагогтерінен пилоттық режимде енгізілген ЖИ-дің қолданысы туралы сұрап білген едік. Қарағанды облысында «Келешек мектептері» жобасымен салынған білім ошақтарының саны әзірге бесеу. Қалған бесеуінің құрылысы жүріп жатыр. Министрлік мәлімдемесіне сәйкес, бұл мектептердің білім беру мазмұнында ЖИ тақырыптары «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің мазмұнына енген.
Қарағандыда алғашқы боп ашылған «Келешек мектептері» жобасымен салынған №19 жалпы білім беретін мектебінің оқу бағдарламасында АІ тақырыптары бар. Мектеп басшысы Гүлдана Ибрайкенқызының айтуынша, білім ошағы 2024-2025 оқу жылынан бастап «Rocket AI» бағдарламасымен жұмыс істеп жатыр. Педагог бағдарламаның оқушылар мен ұстаздар үшін, тіпті, әкімшілік жұмыстарына да тиімділігін атап өткен болатын.

Бұдан бөлек, №19 мектепте биыл Жасанды интеллект шығармашылық тобы құрылған. Топ мүшесі ретінде бекітілген биология пәнінің мұғалімі Айман Қазыбекқызының айтуынша, шығармашылық топ түрлі шаралар өткізіп, мұғалімдердің ЖИ бойынша цифрлық сауаттылығын арттыруға жәрдемдеседі. Сондай-ақ, әрбір пән сабағында АІ-ді тиімді әрі оңай қолдану жолдарын үйретіп, бағыт-бағдар береді. Барлық педагогтің айтатыны ортақ – ЖИ жүктемені азайтады, уақыт үнемдейді, әрі мұғалімнің шығармашылықпен айналысуына мүмкіндігін кеңейтеді.

Осы тұста айта кетерлігі, мектеп бағдарламасына жасанды интеллект жеке оқу пәні ретінде емес, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер мазмұнына кіріктіріліп енгізіліп жатыр.

№19 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Ажар Сағай жасанды интеллекттің жаңа тақырыпты түсіндіруге пайдасы зор екенін айтады. «Мультипликация мен анимациялық тұрғыда түсіндірілген тақырып балалар үшін өте қызықты. Олар есіне тез сақтап алады», – дейді мұғалім.

Биылғы оқу жылында Балқаш қаласында «Келешек мектептері» жобасымен ашылған №12 жалпы білім беретін мектебінде ЖИ-ді енгізу үшін мұғалімдердің арнайы дайындықтан өткізуде. Мектеп директоры Гүлзада Манатаеваның айтуынша, барлық мұғалім «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промт-инжиниринг өнері» бағдарламасы бойынша онлайн оқудан өткен. Ұстаздар ЖИ курсы бойынша үйреніп-білгенін пән сабақтарында пайдалануда. Мектеп басшысының айтуынша, мұғалімдер ChatGPT, Canva AI, MagicSchool AI және NapkinAI платформаларын пайдаланып, оқу контентін оқушылардың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай бейімдеп келеді. Жаратылыстану және информатика пәндерінде мұғалімдер ЖИ көмегімен виртуалды тәжірибелер жасап, күрделі ғылыми құбылыстарды оңай түсіндіреді. Оқушылар PhET симуляциялары мен 3D модельдер арқылы жарықтың таралуын, қозғалыс заңдылықтарын, табиғи процестерді көзбен көріп зерделейді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде жасанды интеллект арқылы оқушылар мәтінді талдау, негізгі ойды табу, жоспар құру, өз пікірін визуалды түрде интеллект-карта арқылы көрсету дағдыларын меңгеріп жүр. Бұл – тілдік сауаттылық пен логикалық ойлауды дамытуда тиімділік беретін көрінеді.

Түйін

Жасанды интеллект – адамға қызмет ететін көмекші құрал. Түптеп келгенде, оқушыларға сапалы білім беру үшін ұстаздарға ғана тиімді. Шынайы білімнің мәні – қашан да адамның өз зердесі, ақылы мен өзіндік ой-санасы болып қала бермек. Жасанды білім деген болмайды. Оқушылар осыны түсінсе болғаны.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

 

 

Басқа материалдар

Back to top button