«Жезкиік» желкен керді
Бейсенбі күні Жезқазған-Ұлытау өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы I Халықаралық «Жезкиік» музыкалық фестивалі желкенін керді. Қарағанды облысы үшін аса зор маңызға ие өнер мерекесіне Қазақстаннан тысқары 9 шетелден құрамында 92 өнерпазы бар 11 кәсіби ұжым келді. Фестивальдің беташар шарасы ретінде мәртебелі меймандар БАҚ өкілдерімен жүздесіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Сол күні Ұлытауда бой көтерген этноауылда «Ұлытау – Қазақстанның киелі жерлері туризмінің орталығы» тақырыбымен туристік операторлардың форумы ұйымдастырылды.
Осы орайда, «Жезкиік» фестивалі Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау, классикалық музыканы насихаттау, қазақтың көне фольклорын дамыту, алуан сипатты ұлттық мәдениеттің өрісін кеңейту секілді ізгі мақсаттарға қоса, түпкі межеде Ұлы Даланың Ұлытауында туристік кластерді қалыптастыруды көздейтінін айта кеткен жөн.
Баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, фестивальге қатысушылардың менеджері Нарине Григорян, «Сказители Алтая» фольклорлық тобының жетекшісі Владимир Кончев (Ресей), «Takinan» ансамблінің мүшесі Хавьер Моралес (Перу) және «Mariachi» ансамблінің мүшесі Джефф Рэй Невин (Мексика) болмыс-бітімі тым бөлек өнер мерекесінің ерекшеліктері туралы сүбелі сөз қозғады. Журналистер қауымының сан қилы сауалдарына зор ынтамен тұщымды жауаптар қайтарды. Жұртшылық Қазақстан мен жоғарыда аталған елдерден тысқары, Польша, Түркия, Франция, Шотландия, Жапония және Тәжікстаннан келген майталман орындаушылардың әсем әуезді әндерін тыңдайтыны жария етілді. Әр тілде өрбіген әңгіме барысында өнерде шекара жоқ екендігі тағы бір мәрте айқындалып, шетелдік мамандардың Қазақстанның руханиятты дамытуға қатысты ұстанымына үлкен ілтипатпен қарайтыны аңғарылып тұрды. Пікір алмасулар кезінде ұйымдастырушы тараптан «фестиваль бағдарламасын тамашалаушылар саны Жезқазған-Ұлытау өңірінен сыртқары аумақтардан келетін туристерді қоса есептегенде ең кемі 8 мың адамның мұғдарында болуы мүмкін» деген батыл болжам да айтылды.
Ұлытаудың баурайында туристік операторлардың қатысуымен өткен форум облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаровтың кіріспе сөзімен ашылды. Өздерінің құттықтау лебіздерінде Қазақстандағы Францияның Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ мен «Kazakz Tourizm» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Рашид Күзембаев ілкімді ұйымдастырылған іс-шараның қайтарымы мейлінше мол боларын тілге тиек етіп, Ұлытаудың түптің түбінде туризмнің кіндік мекеніне күмәнсіз айналарына сенім білдірді. Пленарлық мәжілісте облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, Қазақстанның Ұлттық Жаратылыстану академиясының академигі Әбділмәлік Тәкішев, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры Бақтияр Қожахметов, «Nomadic Travel Kazakhsnan» туристік операторының даму бөлімінің басшысы Мария Бризицкая және басқалары күн тәртібіндегі мәселеге орайлас, ортақ мүдде шеңберіндегі өздерінің орнықты пайымдарын ортаға салды. Мінберге көтерілген кәсіби мамандардың сөз желісі Қарағанды облысындағы, оның ішінде, Ұлытау ауданы аумағындағы туризмді дамытудың келешегі зор нүктелерін таныстыру, Ұлт ұясын туристік орталыққа айналдырудың тетіктері мен мүмкіндіктері, жалпы сипаттағы туристік өнімдердің өтімді болу жолдары, атпен жүріп өтуге арналған жаңа туристік бағыттарды айқындау және осытектес өзге де өзекті тақырыптарды қамтыды.
Форум кезінде Ұлытаудағы туризмді ілгері бастыру жөніндегі сараптамалық және болжамдық ұсыныстармен бірге нақты әрекеттердің де қолға алына бастағаны анық байқалды. Айталық, «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ғалымжан Әбдібеков алдағы тамыз айының орта шенінде елге белгілі біршама қайраткер тұлғалардың «Хан жолы» жобасы аясында Ұлытауда жаңадан белгіленетін бағыт арқылы атпен жүріп өту туралы ұйғарым жасап отырғанын мәлімдеді.
Алқалы басқосудың аралық кезеңіндегі тыныс алу сәтінде форумға қатысушы туристік операторлардың басшылары және өкілдерімен облыс әкімі Ерлан Қошанов бейресми жағдайда жүздесіп, пікір алмасты. Емен-жарқын әңгіме барысында облыс басшысы қарастырылып отырған маңызды мәселеге қатысты өзіндік ой-тұжырымдарымен бөлісті.
Сол күні өрелі өнер мерекесіне елден сыртқары аумақтардан келген қонақтар Ұлытаудың ең биік нүктесі – Әулиетау шыңына шығып, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейіндегі көне дәуірлердің көзі іспетті жәдігерлермен танысты.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
ЖЕЗҚАЗҒАН – ҰЛЫТАУ – ЖЕЗҚАЗҒАН.
Суреттерді түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА.