ЖаңалықтарЖезқазған

Жезқазғанда өткен мұражайлар фестиваліне бес елдің делегаттары қатысты

Жезқазғанда «Ұлы Дала мұрасы» халықаралық мұражайлар фестивалі өтті. Оған әлемнің бірнеше елдерінен келетін 18 мұражайдың қызметкерлері қатысты. Дәріскерлер мен қонақтар ретінде Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Моңғолиядан келген делегаттар келді.

Іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұйымдастырылып отыр.
Фестивальдің салтанатты ашылуында Жезқазған қаласы әкімі орынбасары Зина Ақылбекова, қалалық мәдениет басқармасының басшысы, Қарағанды облысының мұрағаттар және құжаттама Еркебұлан Агимбаев және “Мұрағат-2025” ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөз сөйледі. 
Фестивальдің бірінші күні “Өз есіміңді тарихта қалдыр” акциясы өтті. 
Фестиваль аясында Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы, Түрік Республикасының Анкара университеті мен Астрахань музей-қорығы арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Бағдарламада қолданбалы өнер бойынша шеберлік-сыныптар өткізу де қарастырылды. Оған мұражайлардың суретші-реставраторлары, қыш ісінің шеберлері бақ сынасты. 
Фестиваль ұйымдастырушылары «Ұлы Дала мұрасы» экспозициясын ұсынды. Ең қызықты жәдігерлердің бірі «Алтын адамның» дәл көшірмесі болды. Көрмеде Қазақстанның 60-тан астам бірегей жәдігерлері жиналған.
Сондай-ақ, әртүрлі елдердің мұражайларынан жеткізілген сирек кездесетін жәдігерлер таныстырылды. Қытай делегациясы Қарағанды облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасының қарамағына 18 ғасырдағы Қытай мен Қазақстан арасындағы жібек саудасы туралы құжаттың көшірмесін берді. Моңғол делегациясы қазақ диаспорасының Моңғолия аумағына қалай қоныс аударғаны туралы құжаттың көшірмесін сыйға тартты. Өзбек делегациясы атынан қарағандылықтар 19-20 ғасырлардағы қазақ халқының тарихына қатысты құжаттар мен фотосуреттердің көшірмесін сыйлыққа алды. 
12 маусым күні фестиваль қатысушылары үшін мұражай қызметкерлеріне арналған «Мұражай қызметін жаһандық жаңғырту – уақыт қажеттілігі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Дәріскерлер Анкара университетінің профессоры Айша Чакир Илхан, жоғары санатты экскурсовод-әдіскер, Қазақ спорт және туризм академиясының туризм сарапшысы, ЮНЕСКО ұлттық комиссиясының мүшесі Бақыт Оразымбетова, тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, профессор Тәттігүл Қартаева және басқа да танымал тұлғалар болды. 
Фестивальдің қорытынды күнінде, 13-ші маусымда қатысушылар үшін Ұлытау жеріне саяхат ұйымдастырылды.

Басқа материалдар

Back to top button