Бас тақырыпҚазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Жезқазғанда – ұлы Абай ескерткіші

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жезқазғанның рухани өміріне қатысты ауқымды да айшықты жобалар белгіленген болатын. Солардың бірі сәтімен жүзеге асып, қаладағы Наурыз саябағында қазақтың ұлы ақыны Абай ескерткіші бой көтерді. Ескерткіштің ашылу салтанатына қанаттас қос қаланың жұртшылығымен қатар, ақын елінен және елордамыз Нұр-Сұлтаннан келген құрметті қонақтар қатысты.

Салтанатты шара данышпан ақынның ұлағатты ойларын ұлықтаған театрландырылған көрініспен ашылды. Рухани өміріміздегі айтулы оқиғамен құттықтап, келелі сөзін айтқан қала әкімі Қайрат Әбсаттаров ендігі уақытта бұл жердің «Абай тағылымы» кешеніне айналатындығын алға тартты. Мұнда жыл сайын ақынның құрметіне «Абай және біз» деген тақырыпта жыр кеші өткізіледі. Қасиетті орынға келген жұрт данышпанның қарасөздерінің парқына бойлап, ой түзейтін болады.

Бұдан соң ақын елінен келген қонақтарға сөз берілді. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елдар Оразалин, Қарауыл өңірінен келген ардагер, ҚР Білім саласының үздігі Ерлан Имаханов қазақтың кемеңгер тұлғасы Абай ақынға жезқазғандықтардың көрсетіп отырған құрметіне шынайы ризашылығын білдіріп, қала басшысы Қайрат Бектайұлы мен мүсінші Тоқтар Ермековке ескерткіш сыйлық табыстады.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын жерлесіміз ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Абай атындағы ұлттық сыйлықтың және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай ізгі тілегін білдіре келіп, осы қуанышты оқиғаға арнап жазған өлеңін оқыды. Сондай-ақ, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов өткен жылы ақынның 175 жылдығы құрметіне Абай ескерткіші кеншілер шаhарында бой көтерсе, енді міне, Жезқазғанда жарастықты жалғасын тауып жатқанына орай қуанышты лебізін жеткізді. «Өркен» мектебінің мұғалімі, жас ақын Абай Ораз жырдан шашу шашты.

Жалпы, Жезқазғанда Абай ескерткішін қою туралы өткен жылғы ақын мерейтойынан бері айтылып жүрген-тін. Осыған байланысты биыл жылдың басында ескерткіштің үздік эскиздік жобасына республикалық конкурс жарияланған еді. Нәтижесінде ұсынылған 7 жобаның ішінен 2 жоба іріктеліп алынды. Оларды Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументалдық өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына жібергенде мемлекеттік комиссияның таңдауы суретші Саид Айнековтің эскизі мен мүсінші Тоқтар Ермековтің жобасына түскен көрінеді. Осы екі маманның қолға алуымен ескерткіш Екатеринбург қаласында қоладан құйылды. Қолына кітап ұстап отырған ақын мүсінінің биіктігі – 2,70 метр, тұғыры – 1,80 метр. Ескерткіш қойылған жердегі колоннаны айналдыра Абайдың қарасөздерінен үзінділер жазылған 5 тас тақта қойылған. Жоғарыда айтылғандай, алаң «Абай тағылымы» кешені деп аталатын болды.

Амандық РАХҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button