Жаңалықтар

Жезқазғанда даму бар

Жезқазған қаласында әлеуметтік-экономикалық даму байқалады. Кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстары жолға қойылған.

Жезқазған тұрғындардың басым бөлігі «Қазақмыс» компаниясының кәсіпорындарында еңбек етеді. Сонымен қатар, экономиканы әртараптандыру саясатына сай кәсіпкерлікті дамыту және өндіріс пен қызметтің жаңа түрін игеру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазір 5800-ге жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар, оның 1112- сі – заңды тұлға, 4375-сі жеке кәсіпкер, 304-і – шаруа қожалығы. Бұл – былтырғы осы кезеңдегіден 3,4 % артық.

Кейінгі он жылда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда мен қызмет көрсету саласында жалпы құны 11 млрд. теңгеден асатын 12 ірі жоба жүзеге асырылып, 1200 жаңа жұмыс орны ашылды. Олар: «Ютария» ЖШС-нің тігін фабрикасы, «Казтехфильтр» ЖШС-нің сүзгі шығару цехы, «Племптицеторг» ЖШС-нің инкубациялық жұмыртқа фабрикасы, «ҰлытауФлора» АТК-нің жылыжайы, «Компания Bayan» ЖШС-нің азық-түлік өнімін өңдіру цехы, «Жалтырбұлақ» АҚ-ның алтын кенін өңдеу кешені, «Төлеуов» ЖК-нің кондитерлік өнімдер цехы, «ТӘТТІ» ЖК-нің нантоқаш және кондитерлік өнімдер цехы, «Самға» ЖШС-нің темір-бетон зауыты, «Ұлытау Нан» ЖШС-нің нан зауыты.

 Биыл жалпы құны 10,5 млрд. теңге тұратын 5 жоба қатарға қосылады: «Қазақмыс» корпорациясының мыс концентратын гидрометаллургиялық әдіспен өңдейтін тәжірибелік зауыты, «С и Жест» ЖШС-нің құрылыс жабдықтары зауыты, «Казхимсинтез» ЖШС-нің өңдірістік реагент өндіретін химиялық зауыты, «Самади 2030» ЖШС-нің ұн кешені, «Ахтямов» шаруа қожалығының құс етін өндіру фабрикасы. Бұл жобаларда жалпы 340 жаңа жұмыс орны ашылады. Қалада қарқынды түрде сауда, тамақтану, қызмет көрсету салаларында жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Биылдың өзінде 29 шағын бизнес нысаны ел игілігіне қызмет істей бастайды. Сонымен қатар, үш ауылдық округтің әуелетін де тиімді пайдалану көзделген.

Ауыз су мәселесі де шешілмек. Бүгінде тұрғындар тұтынатын ауызсудың үштен бір бөлігі Үйтас-Айдос жерасты су көзінен алынады, қалғаны Кеңгір су қоймасынан тазартылып беріледі. Судың сапасы, әрине, тазарту қондырғысының күйіне байланысты. «Шаруашылық-ауызсу тазарту нысандарын қайта жаңарту (3 кезек)» жобасына сәйкес сыйымдылығы 1700-4600 текше метрлік 5 резервуар қою, 4,5 шақырым алаңішілік желі тарту және 2 сорғы стансасын жаңғырту көзделген. Бұл жобаның ерекшелігі, «ОСМОС» мембраналық су тазарту технологиясы қолданылады. Ол су құрамын жерасты су көзінің деңгейіне жеткізіп, өте сапалы ауызсу мүмкіндік тудырады.

Келешекте «Наурыз» саябағында «Руханият» аллеясын ашу көзделген. Онда Ұлытау-Жезқазған-Сәтбаев аймағында мәдени-рухани саланың қалыптасуы мен дамуына, өркендеуіне айрықша еңбек сіңірген ақын, әнші, жазушы, журналист, қоғам қайраткері, композитор, термеші есімдерін насихаттау мақсатында ескерткіш белгі орнатылып, туындысынан үзінді келтіріледі. Қазір жобаның эскиздері дайын. Қаражат мәселесі шешілген жағдайда келесі жылы қолға алынады.

 

Басқа материалдар

Back to top button