АймақЖезқазған

Жезқазғанда 41 көпбалалы отбасы “Қазақмыс” корпорациясынан пәтер алды

Жезқазғанда “Қазақмыс” тобы кәсіпорындарының қызметкерлеріне пәтер кілттерін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Көп балалы қызметкерлерге тұрғын үй беру бағдарламасы “Қазақмыс Холдинг” ЖШС, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қарағанды облысының әкімдігі арасында қол қойылған бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту туралы үш жақты меморандум аясында жүзеге асырылады.

Көп балалы отбасыларға пәтерлерді “Қазақмыс” компаниясы сыйлады. 2019 жылы Корпорация басшылығы төрт және одан да көп бала тәрбиелейтін қызметкерлерінің отбасы үшін 10 пәтер бөлді. Сол жылы 102 отбасы жаңа 4 және 5 бөлмелі пәтерлерді, сондай-ақ бір жеке үй алған болатын.

– Біз өз алдымызға қиын сәтте қызметкерлерімізді қалдырмау және жан-жақты қолдау көрсету міндетін қойдық, – деп атап өтті “Қазақмыс “корпорациясы” ЖШС дамыту жөніндегі директоры Бақтияр Қырықпышев.

Бақытты қоныс иелерінің арасында Сыздықовтар отбасы бар. Отағасы Қуаныш Сыздықов “Қазақмыста” 26 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ерлі-зайыптылар бес бала тәрбиелеп отыр.

– Мен таңқалдым десем, артық айтпаспын. Бұған дейін біз ата-анамызбен тұрдық, үй өте тар болды десек те болады. Қазір бізде барлық ыңғайлы жағдай жасалған 4 бөлмелі пәтер бар: жөндеу, жиһаз және жабдықтармен қамтылған. Осындай тамаша сыйлық үшін көп рахмет! – деп Қуаныш Сыздықов өз әсерімен бөлісті.

Басқа материалдар

Back to top button