Бас тақырыпЖезқазған

Жезқазған: ауызсу мәселесі шешіледі

Халықтың сапалы ауызсумен жүйелі түрде үздіксіз қамтамасыз етілуі – атқарушы билік органдары алдындағы бірегей міндет. Міне, осынау айрықша қажеттілікке мақсатты негізде назар аударған облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Жезқазған-Ұлытау өңіріне жұмыс сапары кезінде металлургтер мекенінде өзектілігі өткір тұрған ауызсу мәселесіне қатысты кеңейтілген сипаттағы арнайы жиын өткізді. Соның нәтижесінде «Қазақмыс» корпорациясы басшылығымен Үйтас-Айдос су желісіндегі тозығы жеткен құбырды қысқа мерзімде жөндеу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі мәмілеге қол жеткізілді.

 

Үйтас-Айдос жерасты су көзінен тартылған құбырдың әбден ескіруі салдарынан туындаған қиындық жезқазғандықтар үшін айықпас «бас ауруына» айналғаны қашан?! Түйткілдің түйінін тарқатуды көздеген нақты шара Үкімет қаулысымен бекітілген Жезқазған-Ұлытау аймағын дамытудың кешенді жоспарына да енгізілген еді. Соның аясында су желісі құбырының 13 шақырымын жөндеуге «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан 1 миллиард 173 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған болатын.

Мердігер «КазЦентрСтрой» ЖШС 2014-2015 жылдары бөлінген қаржыны игеріп, тиісті телімдегі атқарылған жұмысқа техникалық қабылдау комиссиясы акт жасап, қолданысқа қабылдады. Алайда, полипропилен құбырды дәнекерлеудің технологиясы сақталмағандықтан, оны іске қосу кезінде көптеген апатты ақау анықталды. Ақыры, жылға жетпей жұмысын тоқтатты. Техникалық сарапшылардың айтуынша, оны одан әрі пайдалану немесе ақауды жою мүмкін емес. Себебі, топырақ астында ұзақ уақыт қараусыз қалған полипропилен құбыр төзімділік қасиетінен айырылады. Демек, құбырды толығымен қайта айырбастау керек.

Одан кейін де тығырықтан шығудың жолдары сан мәрте қарастырылып, біршама әрекеттер қолға алынды. Бірақ, қаусаған құбырды «жамап-жасқағаннан» қаланы ауызсумен ырғақты қамтамасыз ету мәселесі оңтайлы шешілмейтініне көз айқын жетті. Әсіресе, өткен жылдың қоңыр күзіндегі тәмам елді сергелдеңге салған қиындықтар қабырғаға қатты батты. Апатты жағдайлар бірінен соң бірі орын алып, тұрғындардың ауызсусыз қалу оқиғалары жиілей түсті. Жергілікті билік жедел қимылдап, барлық мүмкіндік пен ресурсты жұмылдырып, апат салдарын шұғыл жоюдың шарасын жасады. Дегенмен, металлургтер мекенін ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде әлі өткір тұр. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабатында тұратындар айтарлықтай қиындық көруде.

Енді облыс әкімі мен «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының арасындағы келісімге сәйкес, Үйтас-Айдос су жеткізу желісінің 40 шақырымнан астам тозған құбыры толықтай жөнделеді. Биылғы көктемге салым тиісті жобалық-сметалық құжат әзірленіп, жөндеу жұмысы қолға алынатын болады. Сол талап тұрғысынан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жобалық-сметалық құжатты ақпан айының соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өткізуді тапсырды.

Ілкімді әрекеттер – істі ілгері бастырудың кепілі. Дәл осы тұрғыдан қарастырғанда, ауызсу азабын тартудан қажыған қалың ел жағымды жаңалықты қуана қабылдағаны айтпаса да түсінікті. Жеңіс Махмұдұлының «Жезқазғанды сумен тұрақты қамту – басты мәселе… Біз қала тұрғындарын сусыз қалдырмауымыз керек. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады» – деп мәлімдеуі олардың көңіліндегі үмітті селкеусіз сенімге ұластырары анық.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button