“Жезқазған – Қарағанды” тасжолында 300 келіден астам марихуана тәркіленді
“Жезқазған – Қарағанды” автожолында бес адам ұсталып, олардан 300 келіден астам марихуана табылды, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Операцияны есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері жүргізген. Күдіктілер Ұлытау облысы аумағында тоқтатылған. Полиция мәліметінше, олар есірткі тасымалын ұйымдастырып, жол бағытын үйлестіру және күзет қызметін атқарған.
Көлікті тексеру барысында 13 қап марихуана тәркіленді. Жалпы салмағы 300 келіден асқан.
Алдын ала есеп бойынша, бұл көлем шамамен 1 миллионға дейін бір реттік дозаға жетуі мүмкін. Қара нарықтағы құны шамамен 3 миллион доллар деп бағаланып отыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ мәліметінше, есірткі тасымалдау мен таратудың кез келген әрекеті заң аясында қатаң түрде тоқтатылады. Бұған дейін Қарағандыда таксиден 3 келіге жуық психотроптық зат тәркіленіп, 34 жастағы ер адам ұсталған еді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



