«Жезқазған-Қарағанды» бағытындағы автожолда гигиеналық торап пайдалануға берілді
«Жезқазған-Қарағанды» бағытындағы автожолдың Қызылжар ауылы тұсында жаңа санитарлық-гигиеналық торап пайдалануға берілді. Нысан жеке инвестиция есебінен салынған. Ол Жезқазғаннан Қарағандыға қарай бағыттағы жолдың оң жағында орналасқан деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Компанияның мәліметінше, заманауи ғимараттың жалпы аумағы 191 шаршы метр. Ішінде жолаушылардың ыңғайлы демалысына арналған барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, ерлер мен әйелдерге арналған кабиналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бөлек орындар, душ бөлмесі, намазхана, ана мен балаға арналған бөлме, сондай-ақ, сауда аймағы мен қызметкерлерге арналған бөлме бар.
Айта кетейік, биылдан бастап «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар тасжолдарда осындай кешендер салу бағдарламасын іске асырып жатыр. Бұл бастама жол бойындағы сервисті жаңа деңгейге көтеруді, ал, ұзақ сапарларды жүргізушілер мен жолаушылар үшін анағұрлым қауіпсіз әрі жайлы етуді көздейді.
Мамандардың айтуынша, мұндай санитарлық-гигиеналық тораптар алдағы уақытта өңірдің өзге де бағыттарында салынбақ. Бұл – ел ішіндегі туризмді және автокөлік қатынасының мәдениетін дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Жол бойында көрсетілетін қызметтің сапасы артқан сайын, өңір экономикасына да оң әсер ететіні анық.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»