Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары күдікке ілінді
Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары 550 мың теңге пара алу күдігіне ілікті. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Орынбаевты парақорлығымен әшкереледі», – деді ол.
Агенттіктің ресми өкілінің айтуынша, қала әкімінің орынбасары «Жезқазған қаласындағы сумен жабдықтау желілерін қайта құру» нысаны бойынша орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қою үшін және «Өңірлерді дамыту 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының уақытылы төленуі үшін ЖШС-нің өкілінен 550 мың теңге пара алған.
«Кінәсін толық мойындауына байланысты ол ұсталмады. Сонымен қатар, пара беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өткім келеді. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деді Нұрлан Жахин.