Жез қанат, күміс бауыр…
Жезкиік өнер күміс бауырын жазып көсілгенде, жерге моншақ-моншақ маржандар төгіледі. Алтынмен апталған күміс бауырдың күнәсіз пәк, киелі тамшылары қазақ даласындағы бұйығы жусандардың құшағына құлайды да, одан бұрқыраған хош иіс Алаш кеңістігін ән боп кезе барып, көкке қайта ұшып кетеді. Осы құбылыс кезі келгенде Тәңірінің қалауымен қайыра қайталанып, жанданып, жаңғырып отырады. Тәңірінің берген өнері (Абай) мен топырақтың киесі – бұл құбылысты сезсе, ақындар ғана сезеді. «Жез қанат, күміс бауыр киік көрдім…»
Қазақ сахарасына ғана тән құралайды, Алаш даласына ғана дарыған ақ бөкенді Сәкен ағасынан кейін жырмен әспеттеп, қасиеті мен қасіретті сертін қоса өрген Кәкімбек Салықовты кім білмейді?! Кім құрметтемейді? Алаш даласын әнімен де, жырымен де әлдилеген атайы ақынның биыл туғанына – 85 жыл. Осыған орай Қарағанды Кеншілер мәдениет сарайында осындағы ұжымның ұйымдастыруымен «Жезкиік» атты ән кеші өтті. Кешті Кәкімбек атамыздың отбасы: ұлы – Ерлан мен қызы – Майра, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды филиалының директоры, ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы арнайы келіп тамашалады. Қазақ гитара өнерінің атасындай Қорабай Есенов ақынның сөзіне жазылған «Аққу», «Мәңгі шырақ» әндерін тамылжытты. Жеті ішектің сиқыры өнер атты жетінші құрлықты жариялағандай әлемге. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов «Сарыарқа», «Аңсау» әндерін, белгілі әнші Сейіл Аяған «Асыл жар» әнін шырқады. Сондай-ақ, композитор Жағыпар Әлімханов, әнші Қайрат Әбеуов, тағы басқа өнер саңлақтары «Аққу жеткен», «Бір ауыз сөз», «Аңсау», «Адамдар, аққуларды атпаңдаршы», «Сарыарқа», «Дүниеде мені сүйген бір адам бар» секілді ақынның сөзіне жазылған әндерді салса, «Аяла» би ансамблі сахна сәнін бимен кіргізді.
Жәнібек ӘЛИМАН