Ресми

Жетістікке жеткізер жеті міндет

Ел дамуының жаңа белесіне бастайтын батыл қадамдар нақтыланды. Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы жылдарға арналған стратегиялық міндеттер айқындалды. Экономиканың 6,5 пайыздық өсімі, жүйелі реформалар және құрылымдық өзгерістер Қазақстанның орнықты даму бағытын бекемдей түсті.

Сурет Ақорда

Кеңейтілген жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов 2025 жылғы әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштерін баяндап, Үкімет жүзеге асырған кешенді шаралардың нәтижесіне тоқталды. Үкімет басшысының айтуынша, жүргізілген реформалар экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ете отырып, ұзақ жылдар бойы қордаланған құрылымдық теңгерімсіздіктерді жоюға бағытталған.

– Салық және бюджет саясатына енгізілген өзгерістердің нәтижесінде үш жылдық бюджет Ұлттық қордан нысаналы трансфертсіз қалыптастырылды. Бұл қадам 2028 жылға қарай бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 0,9 пайызына дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттердің республикалық қазынаға тәуелділігі 2025 жылғы 50 пайыздан 2028 жылы 34 пайызға дейін төмендейді, – деді Олжас Бектенов.

Жыл қорытындысы бойынша, ЖІӨ өсімі 6,5 пайызды құрап, құндық мәнде 20,1 миллиард долларға артқан. Экономикалық серпінге көлік саласы – 17,8 пайыз, құрылыс – 14,6, тау-кен өнеркәсібі – 17,4, өңдеу өнеркәсібі – 12,2, сауда – 26 пайыз және ауыл шаруашылығы – 5,9 пайыз өсім көрсетіп, негізгі үлес қосты.

Премьер-Министрдің айтуынша, Үкіметтің 2026 жылға арналған негізгі басымдығы – халықтың нақты табысын өсіру. Ол үшін еңбекақыны көтеру, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейту, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамыту үшін кешенді шаралар әзірленуде.

Жиында цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері де кеңінен талқыланды. Премьер-Министрдің орынбасары-Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл бағыттағы бастамаларды таныстырса, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияны төмендету және ақша-несие саясатының негізгі тетіктері туралы есеп берді.

Кеңейтілген отырыста өзекті мәселелерге тоқталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы кезеңде ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістердің маңызын атап айтып, экономиканы әртараптандыру, институционалдық реформаларды жалғастыру және халықтың әл-ауқатын арттыру басты басымдық болып қала беретінін көңіл аудартты.

Жаңа Конституция жобасы – мемлекетті басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған қанды құжат.

Ұсынылған өзгерістер билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуге, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтуге, саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын арттыруға негізделген. Негізгі қағидат – «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін». Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері нақтыланып, адвокатура туралы жеке бап енгізу, тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға тек сот шешімімен жол беру секілді маңызды нормалар ұсынылды.

Жоба Қазақстанның зайырлы сипатын айқындап, білім мен ғылымды стратегиялық басымдық ретінде бекітеді. Неке ұғымын нақтылау арқылы дәстүрлі құндылықтарды сақтау көзделген, табиғатты қорғау мәселесі де конституциялық деңгейде көрініс тапқан. Тәуелсіздік, егемендік, аумақтық тұтастық, унитарлық құрылым – мызғымас қағидаттар ретінде бекітіледі. Осылайша, Ата Заңда бірлік, келісім және жауапты отаншылдық ұғымдары нығая түседі.

Бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге жұмыс істеуі керек, оның игілігін халық көруге тиіс, – деген Мемлекет басшысы жауапты кезеңде батыл әрі тиімді шешімдер қабылдаудың маңызын ерекше атап өтіп, жеті түрлі өзекті мәселеге кеңінен тоқталды.

Алдымен, инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру алдағы кезеңнің басты міндеттерінің бірі екенін атап айтты. Бағаның негізсіз шарықтауына жол бермей, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Үкімет пен Ұлттық банк бірлескен нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуге тиіс.

Бұл жұмысқа жауапты мекемелермен қатар тәуелсіз сарапшылар да тартылып, алдағы үш жылда инфляцияны кезең-кезеңімен төмендетуге бағытталған пәрменді шаралар қабылдануы қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде созбалаңға салуға жол жоқ екенін қадап айтты.

– Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі. Енді осы мәселені шешу керек. Үкімет пен Ұлттық банк нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуге тиіс. Мәселені шешудің орнына бос сөзге салынып, қажетсіз «жол карталарын» көбейту – жауапкершіліктен қашу. Ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады, – деді Президент.

Ал, Жаңа Салық кодексін тиімді енгізу экономиканың ашықтығы мен тәртібін күшейтудің басты тетігі екендігін нақтылап айтты. Биыл күшіне енген құжат салық-бюджет саясатын теңгерімді сипатқа көшіруге, бизнесті заң аясында жұмыс істеуге ынталандыруға бағытталған. Қазірдің өзінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим аясында 180 мыңнан астам азамат заңды түрде тіркелді. Үкіметтің бағалауынша, салық реформасы биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түсіруге мүмкіндік береді.

– Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуы тиіс деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен бірге, цифрлық мемлекет құру – Қазақстанның ұзақмерзімді дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық міндеті екені де назардан тыс қалмады. Цифрлық тәсілдер артық шығындарды қысқартып, әкімшілік кедергілерді жоюға, басқару шешімдерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Цифрлық трансформация жеке секторсыз жүзеге аспайды. Бизнеске цифрлық шешімдерді енгізуге жағдай жасау, мемлекеттік қызметтерді сапалы интеграциялау, әлеуметтік саланы «Әлеуметтік әмиян» және цифрлық профиль арқылы нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау – басты міндеттердің бірі. Денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы ақпараттық жүйелерді біріктіру, қаржының ашықтығын қамтамасыз ету және алаяқтықты жою да – күн тәртібіндегі өткір мәселе.

– Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен облыстардағы барлық олқылықты цифрландыруға «жаба салады». «Жаппай цифрландыру енгізілсе, Сіз көрсеткен олқылықтар мен кемшіліктер өздігінен жойылады» дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады, – деді Мемлекет басшысы.

Одан бөлек, еліміздің толыққанды жаңа инвестициялық кезеңге қадам басуға тиіс екені баса айтылды. Соңғы жылдары елге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асып, негізгі капиталға салынған қаржы шамамен 50 пайызға артты. Дегенмен, инвестиция өсімінің қарқыны баяу. Ендігі міндет – сан қуаламай, сапалы, жоғары технологиялы өндірістерге бағытталған жаңа стратегия қалыптастыру.

Айтуынша, инвестициялық саясаттың тиімділігі институционалдық реформаларға да байланысты. «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» қоры нақты экономикалық серпін беретін құрылымға айналуға тиіс. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі үлгісі күткен нәтижені бермей отыр: ширек ғасырда олардың ЖІӨ-дегі үлесі 1 пайыздан сәл ғана асты. Сондықтан, үш ай ішінде АЭА-ларды дамытудың жаңа моделі бекітіліп, инвестициялық штабтың үйлестіру рөлі күшейтілуі қажет.

Мемлекет инвесторлар алдындағы міндеттемелерін мүлтіксіз орындауы тиіс. Шетелдік сапарлар барысында жасалған 75 миллиард долларлық коммерциялық келісімдер қағаз жүзінде қалмай, нақты жобаларға айналуы қажет. Шешім қабылдау үдерісі жеделдетіліп, әрбір жобаға бірінші басшылар жеке жауап беруі керек. Инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты нақты жұмыс істеуі шарт.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кезеңде батылдық пен жауапкершілік қажет екенін ашық айтты. «Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман», – деді Мемлекет басшысы. Мәлімдеуінше, мемлекет инвесторларға сенімді әріптес болуы керек, ал, барлық келісім нақты мерзім мен жауапты тұлғалар арқылы орындалуға тиіс.

Ал, жаңа инвестициялар, ең алдымен, еліміздегі заманауи өнеркәсіптің берік іргесін қалауға бағытталуы керектігін де мұқият тапсырды. Былтыр өңдеу өнеркәсібі 6,4 пайызға өссе де, өңделген тауар экспортының 2,7 пайызға төмендеуі саладағы құрылымдық әлсіздікті көрсетті. Металлургиядағы өнімнің басым бөлігі әлі де төмен деңгейде өңделіп, шикізат күйінде сыртқа кетіп жатыр.

Айтуынша, өңдеу қағидаты ауыл шаруашылығында да басымдыққа айналуға тиіс. Үкімет 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң әзірлеп, субсидиялау жүйесін толық цифрландырып, ветеринарлық қауіпсіздікті күшейтуге міндеттелді. Табиғи апаттардың алдын алу, су тасқыны мен құрғақшылыққа дайындық мәселесі де жүйелі әрі технологиялық негізде шешілуі керектігіне назар аударды.

– Шикізатты сыртқа шығарып, дайын өнімді қайта сатып алу – ақылға қонымсыз. Мұндай тәжірибені доғару керек. Өңдеу өнеркәсібін дамытамыз деп, шикізат секторына зиян келтіруге болмайды, бәрі байыппен әрі нақты есеппен атқарылуы тиіс. Ауыл шаруашылығында да жүйесіздікке жол бермейміз. Кооперацияны дамытып, ветеринария саласын тәртіпке келтіру қажет. Табиғи апаттардың алдын алу үшін цифрлық тәсілдерді толық пайдалануымыз керек. Қазір әрекет ететін уақыт, – деді Президент.

Тағы бір өзекті мәселе, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – кәсіпкерлікті сапалы жаңа деңгейге көтерудің негізгі тетігі. Бүгінде жалпы ішкі өнімнің 40 пайызы, ал негізгі капиталға салынған инвестицияның 70 пайызға жуығы шағын және орта бизнеске тиесілі. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алайда, ендігі міндет – сапаға басымдық беру.

– Қағаз жүзіндегі есеппен шектелуге болмайды. Мемлекеттік активтерді жекешелендіру мәселесі созылып кетті. Егер активтер бюджет есебінен қаржыландырылса, бұл жеке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіреді. Үкімет бір ай ішінде ұстанымдарды қайта қарап, бизнеске шын мәнінде қолайлы жағдай жасайтын нақты шаралар қабылдауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу жағдайында көлік-логистика саласын дамыту стратегиялық басымдыққа айналуға тиістігі де тілге тиек етілді. Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі бірегей географиялық орны – орасан зор артықшылық. Оны тиімді пайдалану – тарихи жауапкершілік. Көлік-тасымал жүйесі енді тек инфрақұрылымдық емес, экономикалық сипатқа ие болып, өнеркәсіп және инвестиция саясатымен біртұтас қарастырылуы қажет. Бұл – жаһандық бәсеке күшейген кезеңдегі шешуші бағыт.

Теміржол саласын кешенді жаңғырту – басты міндеттің бірі. Жаңа желілерді іске қосу, қолданыстағы бағыттарды жаңарту және транзиттік әлеуетті толық пайдалану қажет.

Шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту, кеден рәсімдерін цифрландыру және ақпараттық жүйелерді өзара кіріктіру – жүк және жолаушылар транзитін тиімді етудің негізгі шарттары. «Smart Cargo» және «Keden» секілді платформаларды толық іске қосу арқылы біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесін қалыптастыру қажет. Бұл – ашықтықты арттырып, рәсімдерді жеделдетуге мүмкіндік береді, бірақ бақылау сапасы әлсіреп кетпеуі тиіс.

Мемлекет басшысы алдағы кезеңде нәтижеге бағытталған, нақты әрі жедел әрекет қажет екенін және жеті өзекті бағыт бойынша әр тапсырма мерзімінде орындалып, бақылауға алынуы тиіс екенін нақтылады. Президенттің негізгі ұстанымы – қағаз жүзіндегі жоспарлар емес, халықтың табысын арттыратын нақты нәтижелер керек, ал, бұл үшін Үкіметтің ұйымдастырушылық шеберлігі, цифрлық трансформация және инвестициялық тартымдылықты арттыру басты құрал болмақ.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button