Жетістікке толы Жастар жылы
Биылғы жыл Нұра жастары үшін табысқа толы жыл болды. Есте қалар жарқын жетістіктер де баршылық. Міне, осы ауыз толтырып айтарлықтай оқиғалар жастар жылын қорытындылаған форумда көрініс тапты.
Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағанбетов форумда құттықтау лебізін білдіріп, жастарға аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Салтанатты сәттен кейін форум қонағы, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Расул Қасенхан биылғы жылдың ерекшелігін тілге тиек етіп, келер жыл елімізде «Еріктілер жылы» ретінде бекітіліп отырғанын атап өтті.
Аудандық жастар ресурстық орталығы ұйытқы болған форумда бала кезінен тігінші болуды армандаған жас кәсіпкер Анастасия Калаева биыл облыс және аудан әкімдерінің гранттарына ие болып, тігін салонын ашқанын айтты. Испанияда халықаралық қатынастар мамандығында оқитын Нұра ауданының тумасы, ҚР «Үздік студенті» төсбелгісінің иегері Саида Әубәкірова шараға өзі қатыса алмаса да, бейнеролик арқылы құттықтауын жолдады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында туған еліне оралған жас маман, М.Жұмабаев атындағы орта мектептің мұғалімі, аудандық «Отбасылық шахмат» турнирінің өтуіне мұрындық болған Нұрдос Үсербаев зияткерлік ойынды дәстүрге айналдырып, халықаралық деңгейге шығару туралы ойын білдірді.
Ағымдағы жылы Нұра ауданының жастар ресурстық орталығы жалпы саны 2800 адамды құрайтын 65 іс-шара өткізген. Оның ішінде, Жастар жылына орай аудандағы барлық елді мекендерді қамтитын «25 игі іс-шара» ауқымды эстафетасын қолға алып, жастар жалауын ауылдан ауылға табыстаған.
Облыс әкімінің грантына берілген 9 өтінімнің ішінен 2 жас кәсіпкер грантқа ие болды. Аудан әкімінің грантына 17 кәсіпкер (оның 10-ы жастар) лайықты болып табылды. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 50 адам (19-ы жастар), ал, «Жас кәсіпкер» жобасында 60 жас грантқа қол жеткізген. Алғаш рет «Нұра таланттары» байқауы, «Отбасылық шахмат» турнирі, «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» сынды ілкімді шаралар көрермен назарына ұсынылды. Қатардағы сенбіліктен ерекшеленетін «Таза Нұра» акциясы арқылы 10-нан астам балалар алаңы жаңартылып, 5 саябақ жөнделді. Мұның барлығы ерікті жастардың ынтасынан туындаған игі істер еді.
«Жастармен жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымын. Жастармен бірге басы-қасында жүрген әр іс-шарамыз ерекше ыстық. Алдағы «Еріктілер жылында» да көптеген тұщымды ойлар мен ауқымды шаралар өткізетінімізге сенімдімін», – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әділбек Құмар.
Форум аяқталған соң қатысушылар «Қарағанды облыстық жастар мен балалар ұйымының одағы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жомарт Әбіш жүргізген «Ерікті болу – әр адамның арманы» және әуесқой велоспортшы, «Ағылшынша тіл сындыру» оқулығының авторы Ернат Қашқынов өткізген «Толық адам һәм төрт даму» атты тренингтерге қатысты.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА.