Жетiстiк кiлтi – енбекте
Сәрсенбі күні Нұра ауданының әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВ өңірдің белсенді жастарымен бейресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы әңгімеге өзек болды. «Туған жер» бағдарламасы ерекше назарға алынды. Туған жерді түлету мақсатында жолға қойылған «Нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы егжей-тегжейлі пысықталды.
– Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты – қасиетті Нұра өңірі жастарының рухани дамуын, азаматтық белсенділіктерін арттырып, жүректеріне от салу. Қазіргі уақытта толғандырып отырған көкейкесті мәселелерін айқындап, түйінін тарқату. Сіздердің ашық пікірлеріңізді тыңдау. Ұсыныстарыңыз, пікірлеріңіз ескеріледі. Сондықтан, емен-жарқын сөйлесейік, – деген Ниқанбай Иманғалиұлы жастарды ашық әңгімеге тартты. Өз кезегінде жастар кесек ойларын ортаға салды.
Аудан тұрғындарының ширегін жастар құрайды. Бұл – экономиканың алға бастау жолында үлкен сарқылмас күш. Міне, бүгін де осы жастар өз жеке басын емес, халықтың қамын ойлап, жергілікті жерден жаңа кәсіп көздерін ашу жолдарын ұсынды. Бірі бірнеше бизнес жоспарларын ұсынса, енді бірі бастаған кәсібін кеңейтуге қолдау сұрады.
Толымды ой жерде қалмады. Аудан әкімі әр мәселенің күрмеуін тарқатып, шешу жолдарын қарастырды. Ең қызық деген жобаларды жеке бақылауына алды.
Жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылықтары тегін емес. Ағымдағы жылы жас кәсіпкерлерді бизнеске тарту мақсатында алғаш рет 5 млн. теңге көлемінде аудан әкімінің гранты берілмек.
Келелі жиын барысында білімінің арқасында әлемнің әр қиырында қызмет атқарып жүрген аудан жастарының бүгінгі бағындырған белестері жөнінде сөз қозғалды. Мәселен, аудан тумалары – Айдар Қалиев АҚШ-тағы «СИТИ Банк-те» басқарушы қызметте, Зәуре Еспаева Бостон қаласында банк және қаржы саласында еңбек етуде. Елдос Хамзин Түркиядағы Измир университетін тәмамдаған. Қазір сол қалада құқық докторы. Данияр Құлахметов Томск мемлекеттік университетін тәмамдап, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында «Google» компаниясында программист қызметін атқарып, тәжірибе жинауда.
Кездесуге ауданның әр округінен жиналған жүзге тарта белсенді жастар, кәсіпкерлер, оқушылар, мұғалімдер, дәрігерлер, ішкі істер саласы қызметкерлері, мәдениет саласы, мемлекеттік қызметкерлер, жас ауыл әкімдері, жұмыссыз жастар қатысты. Сонымен қатар, облыстық мемлекеттік қызмет істері басқармасының өкілі, жерлесіміз Әсел Біләлова, «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының журналисі, «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері Гүлбақша Ақажанова, қаржы қорларының өкілдері қатысты. Әсел Нұрланқызы мемлекеттік қызметтің қыр-сырын жастар назарына ұсынса, Гүлбақша Ақажанова бүгінгі қызметіне келген жолымен бөлісіп, жастарды қиындықтан қашпай, еңбектенуге шақырды.
Төрт сағатқа жуықтаған кездесуден жастар рухтанып тарқасты. Бастысы – болашаққа баспалдақ бүгіннен басталатынын, жетістіктің кілті – еңбекте екендігін әр жас жете түсінді. «Еңбек бәрін жеңбек».
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.
НҰРА ауданы.