АймақТеміртау

Жетінші қазандық жылыта ма?

Теміртаудағы экология проблемасынан бөлек, биліктің басын ауыртып тұрған тағы бір мәселе – жылу. Биылғы қысты да құрыш қала тұрғындары жаутаңдаумен өткізді. Екібастұз бен Риддердегі оқиғадан кейін ел көңіліне алаң кірген.

Дегенмен, соңғы жылдары облыс басшылығы мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ біріге жылу мәселесін шешуге кірісті. Қазір ЖЭО-2-де жетінші қазандық құрылысы жүргізілуде.

Қазандық құрылысы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тұрақты бақылауында. Құрылыс алаңына жиі барып, жұмыс барысын тексеріп тұрады.

Әкімге есеп берген орталық басшылығының ақпаратына сүйенсек, жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жабдық түгел жеткізілген, белгіленген мерзіміне қарай орнатылуда.

– Жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Кестеден кешігу жоқ. Конвективті бөлік толық жинақталды. Енді, электр бөлігіне арналған науаларды дайындап жатырмыз. Кабель тартамыз. Сондай-ақ, қазандық оттығын монтаждауға әзірлік жүргізілуде, – деді орталық директоры Сергей Кривов.

Директордың айтуынша, нысандағы шаруа күні-түні тоқтамайды. Құрылысшылар ауысыммен жұмыс істеуде. Нәтижесінде, құрылыстың шамамен 70 пайызы еңсерілген.

Облыс әкімі қазандық құрылысымен танысқаннан кейін жылуэлектр орталығындағы жөндеу іс-шаралары пысықталған кеңеске қатысты.

Тақырыпқа қатысты компанияның бас директоры Владимир Яблонский баяндама жасады.

– Алдағы жөндеу жұмыстарына қатысты арнайы жоспар бекітілді. Қажетті қаржы сомасы бөлінді. Бірінші қазандыққа кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Келесі аптада жұмысты бастау көзделіп отыр, – деді Владимир Яблонский.

Сонымен қатар, орталықтағы тағы екі – №4 пен №5 қазандық күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл жұмыстар маусым айында басталады.

Аталған жоспар ойдағыдай жүзеге асып жатса, құрыш қала қалтырамауы тиіс.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button