Жетімдер үйсіз, жол күйсіз болмайды
Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ басшылығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспардың орындалуы және алдағы кезеңдегі міндеттер, облыстың автокөлік жолдарын жөндеу және тұтас жөндеу жоспарлары мен қазіргі жағдайы туралы маңызды екі мәселе қаралды.
Бүгінгі күні облыста жетім балаларға бас-көз болатын 25 ұйым бар. Сондықтан, аймағымызда интернат қабырғасын аттаған балалар мен жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы бұл жұмыстардың негізгі бөлімі түйінделіп, жаңа кезеңінің ұйымдастырылуы қолға алынды.
Бұл туралы облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай баяндама жасады. Оның айтуынша, кешенді жоспардың жүзеге асуы 3 кезеңді қамтиды. 2014-2016 жылдары жоспар бойынша 510 пәтер берілуі тиіс еді. Алайда, аталған мерзім аралығында 316 пәтер ғана ұсынылып, жоспар 62%-ға орындалды. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Өңірлерді дамыту – 2020», «Қолжетімді баспана – 2020» сынды мемлекеттік бағдарламалар арқылы 75 жалдамалы пәтер берілді. 2016 жылғы 24 мамырдағы Қарағанды облысы әкімдігінің кәмелеттік жасқа толмаған балалар жөніндегі Комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, аталған басқарма мамандарымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатындағы 2017-2019 жалдарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Қала және аудан әкімдері ұсынған мәліметке сәйкес, осы жылдар аралығында 213 пәтер беру жоспарланды. Бүгінгі күні аталған санаттағы жастар мен балалардың тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны – 6730 адам.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – облыстың автокөлік жолдарын жөндеу және тұтас жөндеу жоспарлары мен қазіргі жағдайы туралы облыстың жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Абайділдә Санаубаров мәлімет берді. Қарағанды облысының көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде биылға 27 миллиард теңге қарастырылды. Сөйтіп, жалпы қолданыстағы 470 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтеді. Соның ішінде, республикалық маңызы бар 252 шақырым, облыстық маңызы бар 28 шақырым (3 көпірдің қайта құру жұмыстары жалғастырылады), мақсатты трансферт бойынша қалалар мен аудандарда 83 шақырым, Қарағанды қаласында 43 шақырым жол жөнделеді. Жергілікті бюджет есебінен (1,7 миллиард теңге) ауыл ішіндегі 64 шақырым жол жөнделмек.
Сонымен қатар, биылғы жоспары және 2016-2017 жылғы қыс маусымын өткізу туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» Қарағанды облыстық филиалы директоры Қанат Шаймин ақпарат берді. Қарағандыдағы филиалдың биылғы қызметін қаржыландырудың алдын ала жоспары 18 миллиард теңгені құрап отыр. Соның ішінде, қайта құруға – 9,9 миллиард теңге, күрделі жөндеу жұмыстарына – 2 миллиард теңге, орташа жөндеу жұмыстарына – 3,990 миллиард теңге, күтіп ұстауға – 2,165 миллиард теңге. Жалпы айтқанда, барлық бағдарлама бойынша 1380 жұмыс орнын іске қосу жоспарлануда. Оның ішінде жергілікті тұрғындарға – 790 орын.
Рауан ҚАБИДОЛДИН