«Жеті жұрттың тілін біл»
Ғылым мен техниканың дамып, әлемдік интеграциялану заманында қазақстандықтардың бір емес, бірнеше тілді біліп, меңгеруі – уақыт талабы. Онсыз біз көшбасшы 30 елдің қатарына қосыла алмаймыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы: «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл мемлекет құрушы ұлттың тілі, ал орыс тілін білуі – ұлы байлық. Ағылшын тілін ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз. Ал, қазақ тілі барлық Қазақстанды біріктіріп, жақындастырып, өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді», – деген болатын. Бұл сөздер ұстаздар қауымына, әсіресе, біз сияқты тіл мамандарына үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейді. Неше жылғы педагогтік қызметімде және қазіргі күнделікті жұмысымда оның салмағын сезінумен келемін.
Мен бүгінде Абай көпсалалы колледжінің Абай қаласындағы бөлімшесінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы болып еңбек етудемін. Негізінен, біздің оқу орнында агроном, мал дәрігері, ЭЕМ операторы, газэлектрмен дәнекерлеуші, аспаз, фермер сияқты көптеген мамандықтарға оқытады. Оларға сабақ беру барысында, түрлі шаралар өткізу кезінде білім алушылардың қазақ тілінің ұшан теңіз байлығын игертуге, ұлттық әдебиетіміздің сарқылмас қайнарынан сусындатуға, сол арқылы мемлекеттік тілімізге деген қызығушылығын оятып, құрмет сезімін арттыруға күш саламын. Өйткені, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егенмендігімізді алғаннан бері өзге ұлт өкілдері студенттерінің де бұл тұрғыдағы белсенділігі мен құлшынысы, ынта-жігері байқалады. Бұдан олар заман талабын ұғынып, түсінуін, қазақша сөйлеп, қарым-қатынас жасауға бейімделе бастайды.
Тіл туралы заңымыз бен Тілдерді дамытудың 2020 жылға дейін бағдарламасы қабылданып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, оның келешегі зор екендігінен хабар береді. Президентіміз де «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде», – деп, 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы оны меңгеретіндігіне сенім білдіреді. Оның сөзсіз жүзеге асатындығына еш күмәніміз жоқ.
Біздің студенттеріміз таңдаған мамандықтарына қарай, Кәсіби қазақ тілі және Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу пәндерін оқып, үйренеді. Бұл пән сабақтарында өз кәсіптері бойынша терминдермен, іс-қағаздарының қазақ тіліндегі үлгілерімен танысады. Бұларды меңгерту үшін ауызша және жазбаша диалогтар құрастыру, орыс және қазақ тіліне аудармалар жасау, тағы да басқа әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Ал, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша эксперименталдық «ТҰ-16-2» оқу тобында пән сабақтары қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізіліп, олар білімді үш тілде алып меңгереді.
Мүмкіндігінше біздегі оқытушылар өз пәндерінен кіріктірілген сабақтар өткізуді тәжірибеге айналдыруда, мен де «ОП-16б» оқу тобында ағылшын тілі пәні оқытушысымен бірлескен түрде осындай сабақ өткізген едім, ол сәтті шықты.
Сондай-ақ, біздің бөлімшедегі кейбір шаралар да үш тілде жүргізіліп жүр. Мәселен, жақында Қазақстан Республикасының Тілдері күні мерекесіне орай, тіл апталығы өтті. Барлық оқу топтарының студенттері бұл апталық кезінде «Өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді құрметте!» тақырыбындағы шығармаларды үш тілде жазып, «Абай және Пушкин оқуларында» концерттік бағдарламасында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өлең оқып, ән салып, би биледі.
Елбасы: «Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптеріне онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», – деген еді. Және де Менделеев кестесінің элементтері, физикалық және химиялық формулалар түгелдей дерлік латын әріптерімен таңбаланғандықтан, бұл ағылшын тілін меңгеруге жол ашады. Әрі бұл жазу әлемдегі бар қазақтың басын қосып қана қоймай, түрік және жаһан жұртшылығымен ықпалдасуға себін тигізбек. Ең бастысы, бұл қадам өркениет игілігіне ілесудің төте жолы деп есептеймін. Сол себептен, біз ұстаздар қауымы, бұл істің жылдам жүзеге асып өмірімізге орнығуын қызу қолдаймыз.
Күнсұлу БЕРЛІБАЙ,
Абай көпсалалы колледжінің оқытушысы.
АБАЙ ауданы.