Бас тақырып

Қушоқы кентінде өрттен зардап шеккен жеті отбасы баспанасыз қалмайды

Бірінші қыркүйек күні Бұқар жырау ауданына қарасты Қушоқы кентінде өрт шығып, барак типтес бірқабатты көппәтерлі үй толықтай жанып кеткен. Сегіз пәтерден тұратын тұрғын үйдің өртену аумағы 280 шаршы метрді құрады. Қызыл жалынның салдарынан жеті отбасы, яғни, 12 адам баспанасыз қалды. Қазіргі таңда зардап шеккендер туыстарының үйлеріне уақытша орналастырылған.

Сурет hronika.kz

Ресми дерекке сүйенсек, өрт үйдің ағаштан жасалған құрылымдары, қабырғалары, жиһаздары мен тұрмыстық техникасын түгел жалмаған. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болып отыр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұсынған дерекке сүйенсек, Бұқар жырау ауданы, Қушоқы ауылы, 1 Мамыр көшесі, 8-үй мекенжайында орналасқан тұрғын үйден өрт шыққаны жөнінде 1 қыркүйек күні «112» жедел қызметіне хабарлама түскен.

Шақырту түскен сәтте оқиға орнына кестеге сәйкес Қушоқы ауылындағы №29 өрт сөндіру бекетінің кезекші жасағы жөнелтілген. Алғашқы құрамда бір техника және үш қызметкер болыпты. Кейін жағдайдың күрделенуіне байланысты қосымша күш пен құралдар тартылып, жалпы саны 20 адам мен 6 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылған.

– Тілсіз жаумен күрестің алғашқы кезеңінде бірқатар қиындықтар туындап, жалынның жылдам таралуына өрт аумағының ауқымдылығы, жоғары температура, қою түтін, жанғыш заттардың көп болуы және ғимараттың шпалдан жасалған ескі ағаш конструкциясы айтарлықтай әсер етті. Алғашқы өрт сөндіру тобы жеткенде, үйдің бір бөлігі толық қызыл жалынға оранып, өрт өршіп тұрған.
Дегенмен, өрт сөндіру бөлімшелерінің жедел әрі үйлесімді іс-әрекетінің арқасында жалын дер кезінде оқшаулап, сөндірілді. Қыз­меткерлер оқиға орнына келген сәттегі өрт аумағынан тыс жерлерге жалынның таралуына жол бермеді. Сонымен қатар, 27 литрлік газ баллоны жарылмай тұрып, қауіпсіз аймаққа шығарылып, үлкен апаттың алдын алды, – делінген облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратта.

Ал, тұрғындар құтқарушылардың әрекетіне наразылық танытып отыр. Олардың айтуынша, алғашқы көлікте су жеткіліксіз болған, ал, көмек кешігіп жеткен.

– Өрт сөндіру техникалары бөлімшеге оралған сайын толықтай су құйылып, кезекшілікке дайын күйінде шығарылады. Белсенді өрт сөндіру кезінде көлемі 5 000 литр болатын су шамамен 5-7 минут ішінде толық жұмсалады, – делінген түсініктемеде.

Өрттен зардап шеккендердің бірі Қушоқы кентінің тұрғыны Наталья Дик ханымға хабарласып, мән-жайды білдік. Үш баласымен үш бөлмелі пәтерде тұрған отбасы барынан айырылып отыр.

– Жұмыста жүр едім. Шамамен 14:15-те қызым қоңырау соғып, үйдің өртеніп жатқанын айтты. Шығып үлгеріпті. Жалма-жан құжаттарды шығарып үлгердік. Үй тұтас жанып кетті. Қабырғалары ғана қалды. Кейінгі кезде электр желісі жиі өшеді. Өрт сол ақаудан болған деп жатыр. Жергілікті билік барынша көмектесуде. Бір реттік жәрдемақы бөлінген көрінеді. Енді түсетін шығар. Үшінші қызым мектеп жасында. Оның мектепке киіп баратын түгі қалмады. Әкімдік қызыма мектепке қажетті, киім-кешек, оқу құралдарын толық сатып алып берді. Одан бөлек, күнделікті тұрмысқа қажетті дүниелер және азықтүлікпен қамтып жатыр. Ешкім зардап шеккен жоқ. Үй мәселесі әзірге белгісіз, – дейді Наталья Михайловна.

Өрттен кейін жергілікті билік жедел әрекет етіп, арнайы штаб құрған. Бұқар жырау ауданы әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, аудан әкімі Ерлан Құсайын өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, әр отбасына аудан әкімдігінің бөлім басшыларын бекітті.

– Арнайы штаб ашылды. Кө­мек көрсету пункттері жұмыс істеп тұр. Тұрмыстық техникамен де қамтудамыз. Атап айтсақ, тоңазытқыш, электр плитасы, қысқа толқынды пеш сынды ең маңыздыларымен қамтуға күш салудамыз. Жатақхана ұсынып едік, одан бас тартып, «туыстарымыздың үйінде тұрамыз» деді, – дейді Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Берік Көпбаев.

Қазіргі таңда өрттен зардап шеккендерге бірқатар көмек те көрсетілуде. Аудандық бюджеттен әр отбасыға 100 АЕК көлемінде (393 200 теңге) біржолғы материалдық көмек бөлінген. Сонымен қатар, «Amanat» партиясының ғимаратында гуманитарлық көмек қабылдау пункті де ашылыпты. Қайырымдылық ұйымдары мен демеушілер тарапынан төсек-­орын, көрпе-жастық, киім-кешек, азықтүлік пен кеңсе тауарлары жеткізілген.

Бұл мәселе облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жеке бақылауында тұрғанын атап айту керек. Билік өкілдері зардап шеккен отбасылардың қыстың алдында далада қалмауын басты міндет деп отыр.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button