«Жеті құндылық» – көрермен назарына
Жақында Теміртау тарихи-өлкетану мұражайында Суретшілер одағының мүшесі Қуат Асқаровтың «Жеті құндылық» көрмесі ашылды. Экспозиция шебердің 60 жылдық мерейтойына орайластырылған.

Көрмеге автордың соңғы жылдары жазылған жұмыстарының циклінен құралған 20-дан астам ауқымды туындылар қойылды.
– Суретші картина салуға шабытты балалық естеліктен алған. Картиналар қазақ мәдениетіне, дәстүріне орайластырылған. Көрерменге өмірлік құндылықтар туралы ойлауға және білуге мүмкіндік береді,– дейді музей қызметкерлері.
Айта кеткен жөн, Қуат Асқаров – суретші әрі кескіндемеші. Теміртауда дүниеге келген ол Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. Қарағанды облысы әкімі сыйлығының «Жылдың үздік суретшісі» номинациясының лауреаты әрі Ә.Қастеев атындағы «Үздік шығармашылық үшін» алтын медалінің лауреаты.
– Әр жұмысыма отырған сайын өзімді Құдайдың дәргейінде отырғандай сезінемін. Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, әр туындыма соңғы еңбегім сияқты бар күшімді саламын. Қылқаламым менің 13-ші мүшем сияқты. Денеммен бірігіп кеткен. Жұмыс біткен сәттегі рахатты сөзбен айтып жеткізу қиын, – дейді автор.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz



