Жаңалықтар

ЖЭС-тен қуат аламыз ба?

Осы аптаның басында Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Данияр Омаров бастаған іскерлік топ осы ауданда жел электр станциясын (ЖЭС) салу жоспарымен бірнеше жылдан бері ұсыныс айтып жүрген «Шаңырақ-21» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуге жобаның жаңа инвесторлары Қытай Халық Республикасының кәсіпкерлері де қатысты.

Сурет notemlaw.com

Қарқаралы ауданында жел электр станциясын салу мәселесі осыдан жеті жарым жыл бұрын көтерілген еді. Ол кезде ұсыныс айтып келген де осы «Шаңырақ-21» компаниясы болатын. Ауданның сол кездегі әкімі ұсыныстың тиімділігін, халыққа арзан электр энергиясын ұсыну мүмкіндігі болатынын, бұл дегеніңіз аудан экономикасының дамуына зор үлес болатынын айтып баққан. «Шаңырақ-21» ЖШС жобаны бастапқыда германиялық «United Energies AG» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асыратын болды. Қызды-қыздымен жел электр станциясы 2018 жылдың төртінші тоқсанында толығымен іске қосылады деп уәде берді. Ақыры не керек, аталмыш компанияға сол уақытта аудан аумағынан 280 гектар жер учаскесі берілді. Жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан зор қолдау да жасалды: серіктестік кедендік төлемдерден, тағы басқа да салықтардан он жылға дейін босатылып, жел электр станциясы іске қосылғаннан кейін мемлекет субсидия беретін болып мырзалық танытты. Еуропалық инвестор құрылыс кешеніне қажетті заманауи жабдықтарды Германиядан жеткізетін болып құдіреттенді. Ол-ол ма, «Станция іске қосылған соң Қарқаралы қаласын электр қуатымен бір өзі толық қамтамасыз етеді, тұрғындардың электрге төлемі 50 пайызға дейін төмендейді, станцияға жергілікті жастар жұмысқа тартылады, мамандар Германияда тегін оқытылады, оқу бітіріп келгендер жұмысқа алынып, қызметтік баспаналармен де қамтамасыз етіледі, сол үшін қала аумағынан бөлінген жерге коттедж үйлер мен балабақша салынады» деген Жиренсақалдай биік уәде болды. Бірақ станция сол беті салынбады, әлбетте уәденің де ешбірі орындалған жоқ. Ол үшін сол кезде ақталған, есеп берген, себеп-салдарын түсіндірген де ешкім болған жоқ. Қарқаралының халқы да «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп отыра беретін момын. Одан бері де талай су ақты, талай әкім ауысты…

Бұл жолғы кездесу барысында да екі тарап аталмыш жобаны іске асыру барысында атқарылатын жұмыстар мен міндеттерді талқылады. Бәрі де сол баяғысынша келісілді: «Шаңырақ-21» ЖШС мен инвесторлар жел электр станциясы жобасын жүзеге асырумен қатар, өзара меморандумға сәйкес, балабақша салу, қаланы абаттандыру сияқты әлеуметтік жауапкершіліктерді де мойнына алуы тиіс.

Қытайлық жаңа инвесторлар мұның бәріне келісім беріп отыр. «Аузы күйген үрлеп ішеді» десек те, бұл мәселеде шығыстағы көршілерімізге сенім артуға болатын шығар. Өйткені, Қытай – жел электр станциялары бойынша әлемде бірінші орында тұрған мемлекет. Дүние жүзі бойынша желдің көмегімен өндірілетін барлық электр энергиясының 36 пайызы осы мемлекетке тиесілі екен. Сондықтан, қытайлықтар шашбауын көтеріп келген «Шаңырақ-21» ЖШС-не тағы бір сеніп көреміз. Ұзақ салынатын АЭС-ке жеткенше, жедел жасалатын ЖЭС-ті де байқап көрейік, бұйыртса. Әйтеуір, желден қуат алам деген ауданымыздың қуаты желге кетіп қалмаса болғаны…

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button