Жерлестері Жасминге құрмет көрсетті
Бұқар жырау ауданындағы үркердей Үлгі ауылында академик Арықтай Қайыпов, онға тарта ғылым докторлары мен кандидаты, бес бірдей журналист, сан саланың білікті мамандары туып-өсіп, түлеп ұшқан еді. Енді осы қасиетті топырақтың тағы бір тумасы Жасмин Қизатова бокстан қыздар арасында Азияның екі дүркін чемпионы атанып,осы жуырда жерлестері оны арнайы шақырып, үлкен құрмет көрсетті.
Сол күні ауыл атын Азия төрінде аспандатқан қаршадай қыздарын ел-жұрты құшақ жая қарсы алып, оған осының алдында ғана орнатылған ауыл белгісін салтанатты ашудың жолын берді. Бұл рәсімге Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақов та қатысып, Жасмин екеуі оның лентасын қиды.
Бұдан кейін Ауыл белгісінің түбінде боксшы бойжеткеннің атына ақжарма тілектер айтылып, Жасминнің өзі де жерлестеріне жүрекжарды лебізін білдірді.
Ауыл азаматтары оның келуіне орай футболдан ауыларалық матч ұйымдастырып, жергілікті өнерпаздар үлкен концерт бағдарламасын даярлаған екен. Жиналған халық осы көріністерді сүйсіне тамашалап, қорытындысында футбол ойынына қатысқан бес команданың бәріне де ақшалай жүлде берілді.
Ең бастысы,бұл күні жерлестері Жасминнің әжесі Майдашқа оюлы камзол, әкесі Асқарға шапан кигізіп,өзінің қолына 500 мың теңге ұстатты.
Жарқын жүздесу соңынан алыс-жақыннан келген ағайындар ауыл азаматы Қаржас Зейниденовтің шаңырағынан ауылдастары Жасминнің құрметіне арнап сойылған үш қойдың еті мен бал татыған қымыздан дәм татып,аруақтарға дұға бағышталды.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы