Қарқаралының қос балуаны алтын медальмен оралды
Алматы қаласында 23 жасқа дейінгі балуандар арасында дзюдодан өткен Қазақстан чемпионатында Қарқаралы ауданының намысын қорғаған қос спортшы ел біріншілігінде топ жарды.

+78 килограммдық салмақ дәрежесінде Қарқаралының қайсар қызы Аида Тойшыбекова ел чемпионатының алтын жүлдегері атанды. Татамиде тамаша әдістер жасап, жеңіске деген құштарлығы мен жігерінің арқасында қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтып, дүбірлі жарыстың жеңімпазы атанды.
73 килограммға дейін салмақ басатын жігіттер арасында Егіндібұлақ ауылының балуаны Ерсұлтан Дулатұлы Дүйсенхан белдескен қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанып отыр. Ол бозкілемде әдемі белдесулер көрсетіп, чемпиондық атаққа әбден лайық азамат екенін тағы да дәлелдеді.
Ауылдық елдімекендерде спорт кешендерінің ашылуы жастардың салауатты өмір салтына ден қойып, түрлі жарыстарға қатысуына мүмкіндік беруде. Соның дәлелі – Қарқаралы ауданының қос бірдей балуанының ақ басты Алатаудың баурайынан алтын медальмен оралуы. Бұл – үлкен жетістік, аудан спорты үшін зор мақтаныш. Жас балуандардың бұдан да биік белестері алда деп үміттенеміз.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»