Жаңалықтар

Жерлестер жерге қаратпады

Шахтер стадионында жалауын желбіреткен, өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер арасында XVI және әйелдер арасында VII Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. 16 мемлекет бақ сынаған дүбірлі додада Қазақстан жауынгерлік қанат жаюда суырылып алға шықты. Осылайша Қарағанды қаласы ел тарихындағы қайталанбас қуанышқа тұғыр болды.

Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттарын өткізу әлемнің түрлі елдерінің спорт ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, өрт сөндіру-құтқару қызметтерінің қызметкерлері мен олардың кәсіби және жауынгерлік даярлығын, спорттық шеберлігін жетілдіруге, өрт-құтқару спортын одан әрі дамытуға және әлемдік ауқымда насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ, өрт оқиғасы тіркелген жағдайда өрт сөндірушілердің ширақтығымен тез шешім қабылдау әрекеттерін бағамдайды. Спортшылар шабуыл сатысымен көтерілуден, 100 метрлік кедергілер жолағынан өтуден, жауынгерлік қанат жаюдан және 4 метрден 100 метрге дейінгі өрт эстафетасынан жарысты. Қазақстан құрамасы құрамынан 9 ер адам және 5 әйел спортшы жандарын сала сайысты. Ерлер командалары арасындағы жарыста жауынгерлік қанат жаюдан I орын 25,55 секунд нәтижесімен Қазақстан құрама командасының қанжығасына байланды. Чех Республикасының командасы 26,85 секун нәтижесімен II орынға табан тіресе, III орын 27,14 секунд нәтижесімен Австрия Республикасының құрамасына бұйырды. Ал, әйелдер құрамасының жеңісін 26,35 секунд нәтижесімен Чех елінің спортшылары еншіледі. II орынды 26,67 секунд нәтижесімен Беларусь Республикасы командасы алды. Үздік үштікті 27,04 секунд нәтижесімен Қазақстан спортшылары түйіндеді. Жеке және командалық сынақтың жеңімпаздары медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен, жеңімпаз командалар кубоктармен марапатталды. Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша келесі Әлем чемпионаты 2022 жылы Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында өтеді деп жоспарлануда. Қазақстан құрамасы Өзбекстандық әріптестеріне Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясының туын табыс етті.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button