Спорт

Жерлестер жүлделі болды

Таиланд астанасы Бангкокта шаңғы роллерлерінен Азия Кубогы өтуде. Құрлықтық біріншілікке Мексика, Оңтүстік Корея, Филиппин, Моңғолия, Малайзия, Таиланд және Қазақстан құрамалары қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Аталған турнирге Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 17 спортшы өнер көрсетуде. Олардың қатарында Қарағанды облысынан барған Евгения Вадутова мен Диляра Бейсекеева сәтті өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.

Сурет дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Классикалық стильдегі 1 300 метрлік спринт жарысында Евгения Вадутова күміс медаль еншілесе, Диляра Бейсекеева қола жүлдені місе тұтты. Қос спортшы бұған дейін де ел чемпионаттарында өздерін жақсы қырынан танытқан. Республикалық біріншіліктерде бірнеше рет жеңіске жетіп, ұлттық құраманың сапына енген еді. Бұл жолы да қос спортшы байрақты бәсекеде тамаша өнер көрсетіп, жүлдесіз қайтпады.

– Қарағандылық қыздар соңғы жылдары жақсы өнер көрсетіп келеді. Жүйелі дайындықтары өз жемісін беруде. Енді алда екі кезең күтіп тұр. Бірі – Оңтүстік Кореяда, екіншісі – Щучинск қаласында өтетін бәсеке. Бұл жарыстарда да жастарымыз жүлдеге таласатынына сенімдімін, – дейді қысқы спорт түрлерінен Олимпиадалық даярлау орталығының жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Максим Щербаков.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button