Спорт

Жерлестер – олжалы

Павлодар қаласында 2007 жылы туған және одан кіші спортшылар арасында үстел теннисінен өтіп жатқан ел чемпионаты аяқталды. Оған елдің түпкір-түпкірінен 260 жас теннисші қатысып, өзара мықтыны анықтады. Сол турнирде облыс атынан 15 спортшы өнер көрсетіп, қоржынға үш алтын, үш күміс және үш қола жүлде салды.

Сурет үстел теннисі федерациясынан

Жекелей сында спорт шебері Альбина Жақсылықова мен Мария Лукьянова қола жүлдеге қол жеткізді. Ал, Дарья Фу жеңіске бір табан жетпей, күміс алды.

Командалық сайыста облыс құрамасы қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Бұл жолы құрама сапында Альбина Жақсылықова, Дарья Фу, Мария Лукьянова, Дарья Гамова және Еркежан Тілегенова сынды спортшылар өнер көрсетті.

Жастар арасында өткен байқаудан да жерлестер олжасыз қайтпады. Ерлер арасында өткен жұптық бәсекеде жерлесіміз Асылхан Мағзұмбеков Түркістан облысының спортшысы Санжар Ибаханмен жұптасып, қарсылас шақ келтірмеді. Сонымен қатар, қыздар арасындағы жұптық Дарья Фу да ел қоржынына күміс жүлде салды. Жерлесіміз түркістандық Назым Серікбаймен жұптасып, жоғары ойын өрнегін көрсетті.

Аралас жұптық байқаудан да қоржынға жүлде түсті. Бұл сында жерлесіміз Мария Лукьянова Павлодар облысының өкілі Қадырәлі Қабдылуахитовпен бірге өнер көрсеткен болатын. Нәтижесінде, аралас сынның чемпиондары атанды. Дәл осы сында күміс жүлдені ШҚО-дан келген Әлiби Шомановпен жұптасқан қарағандылық Альбина Жақсылықова еншіледі. Ал, қола жүлдеге қарағандылық Дарья Фу мен шымкенттік Қасым Нұрисламның жұбы еншіледі.

– Бұл көрсеткіштер біз үшін үлкен жаңалық емес. Себебі, бұған дейін де бұдан көп жүлде жеңіп алғанбыз. Одан бөлек, соңғы екі онжылдықта қарағандылық қыздар жоғары нәтиже көрсетіп, елдегі үздік теннисшілер қатарынан көрініп келеді. Бірақ, бұл чемпионатқа біз көшбасшымыз Алан Кұрманғалиевсіз келдік. Ол чемпионат уақытында Сингапурдағы беделді халықаралық турнирде өнер көрсетіп жатты. Соған қарамастан облыс атынан келген спортшыларымыз тамаша өнер көрсетті, – деді Қарағанды облысының үстел теннисі бойынша аға жаттықтырушысы Эльмира Әлиева.

Айта кетейік, чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан жастар құрамасы жасақталады. Бұл қатарда біздің жерлестер де бар. Енді олар маусым айының соңында Ташкентте өтетін Азия чемпионатына қатыспақ.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button