Жерлестер мемлекеттік стипендия иегері атанды
Жаңа жыл қарсаңында Президенттің өкімімен Мәдениет қызметкерлеріне мемлекеттік стипендия тағайындалды. Ақжолтай жаңалыққа негіз болған тізімде ел руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүрген жерлестеріміздің бар екені көңіл қуантты.
Атап айтсақ, әдебиет қайраткерлері аталымында ақын, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы мемлекеттік стипендия иегері атанды.

Сондай-ақ мәртебелі марапат ақын, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталған, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайға берілді.

Сондай-ақ жазушы, «Құрмет» орденінің, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дидар Амантай,

ақын, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері Айзада Рахымжанова да осы тізімде лайықты құрметтелді.

Мәдениет қайраткерлері атап өткендей, мемлекеттік стипендия – олардың ұлт мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан елеулі үлесіне көрсетілген құрмет.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



